Семейде ер адам жедел жәрдем қызметкерлерін соққыға жыққан

433
көрілім

Жүкті әйелге көмек көрсетуге келген медицина қызметкерлері өздері ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Семей қаласында жедел жәрдем бригадасы өзін жайсыз сезінген аяғы ауыр әйелге көмекке шақырылған.

– Науқастың зайыбы сол уақытта мас күйде болды. Өз-өзіне ие бола алмаған еркек дәрігерлерге жаман сөздер айтып, оларға күш көрсеткен. Амалдары қалмаған абзал жандар тәртіп сақшыларын шақыртуларына тура келеді, – деді баспасөз хатшысы.

Екі фельдшер де бассүйек ми жарақатын алған. Алайда денсаулықтарына зақым келсе де жедел жәрдем қызметкерлері әйелге қажетті көмек көрсеткен. Таяқ жеген дәрігерлер нейрохирургия бөліміне жеткізілді.

Басқарма басшысы Ілияс Мұхамеджанның сөзінше, бұл оқиға облыстық прокуратураның қатаң бақылауында.