Семейде қоғамдық көлікте билетсіз жүретіндер ұсталды

42
көрілім

Семей қаласында соңғы екі апта аралығында қалалық қоғамдық көліктерде жүзден аса билетсіз жүрген жолаушылар анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Семей қаласының қоғамдық көліктерінде жедел топтар мен бақылаушылар төлем төлеудің тәртібін бақылауда. Олардың құрамында тексеру топтары мен полиция қызметкерлері де бар.

Егер жолаушы жолақысын төлемеген болса 2 АЕК мөлшерінде, яғни 5302 теңге айыппұл төлейді. Соған қарамастан кейбір жауапсыз жолаушыларға бұл әкімшілік шара жауапкершілікті сезінуге әсер етпеген сыңайлы.

23 қаңтар мен 5 ақпан аралығында қоғамдық көліктерде рейд жүргізген кезде жүзден аса тегін жүруге машықтанып алған жолаушылар анықталды. Ұсталған жолаушылардың бірі жолақысын қолма-қол төлеуге ұмтылса, енді біреулері сытылып кеткісі келді. Қолданыстағы заңнама бойынша 70 жастан асқан зейнеткерлер үшін жолақысының 50 пайыз жеңілдігі қарастырылған. Сондықтан кейбір жолаушылар жас мөлшерлерін 70-тен жоғарылатып, жалған жеңілдік куәлігін жасатып алған.

- Ақы төлемеудің түрлі тәсілдерін қолданатын жолаушылар сиықсыз әрекетке де барып жатады. Мысалы сол сәтте бір әйел адам қашып шығып қоқыс жәшігінің артына тығылса, екінші біреуі жерасты жолына түсіп, жоқ болды. Жалған куәлік жасатқандардың құжатын ЖСН арқылы анықтағанда өтіріктері ашылып ұятқа қалады. Осындай жалған құжатпен жүргендер әсіресе зағип жандардың арасында жиі кездеседі. Зағиптар қоғамы маңында осындай құжаттарды бес мың теңгеге сатады деген қауесет те бар, - дейді бақылау-тексеру комиссиясының жетекшісі Аманбол Байсаринов.

Сондай-ақ бұл орайда кондукторлар да жауапкершілікке тартылады. Жолаушыларды ақысыз тасымалдаған немесе «байқамай» қалған осындай тоғыз бірдей кондукторға айыппұл салынды.