Семейде колониядан тұтқындар қашқаны туралы сыбыс тарады

454
көрілім

Әлеуметтік желі қолданушылары Семейде колониядан тұтқындар қашып шықты деген ақпарат таратты, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

-Семей қаласында 35-колониядан сотталушылар қашып кетті. Семей, Дмитриевка, Бородулиха, Жезкентте күшейтілген тәртіп енгізілді, - делінген хабарламада.

ШҚО Полиция департаменті таратылған ақпарат шындыққа жанаспайтындығын мәлімдеді.

Өз кезегінде ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті де бұл ақпарат құр қауесет екендігін ресми түрде хабарлады.

- Ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында белгісіз біреулер «ШҚО бойынша қылмыстық-атқару департаментінің ОВ-156/15 мекемесінен тұтқындар қашып кетті» деген хабар таратты. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - делінген ҚАЖК хабарламасында.

Қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесіндегі жағдай тұрақты.

Сонымен қатар ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін қолдана отырып, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне немесе қоғамның заңмен қорғалатын мемлекеттің мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат тарату, айына үш мың теңгеге дейінгі айыппұл салу немесе түзету жұмыстары арқылы, сегіз жүз сағат қоғамдық жұмысқа тарту арқылы, не үш жылға дейiн бас бостандығынан айыруға жазаланады, - деп ескерту жасалған.

35-колония - қатаң режимдегі ОВ-156/15 түзеу мекемесі. Осыдан бірнеше жыл бұрын осы колониядағы жазасын өтеушілер БАҚ-қа мекеме қызметкерлері азаптап жатыр деп шағымданған болатын.