Семейде көпқабатты үйден өрт шығып, 40 адам эвакуацияланды

68
көрілім
Шартты фотосурет

Семей қаласындағы көпқабатты үйден өрт шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, кеше сағат 13:34-те өрт сөндірушілерге Шәкәрім даңғылындағы онқабатты үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Анықталғандай 4-ші қабаттағы пәтерде ағаш жиһаздар мен үй иелерінің жеке заттарын қызыл жалын шарпыған. Өрттің жалпы аумағы – 12 шаршы метрді құрады.

– Өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтау барысында 1992 жылғы ер адамды құтқарған. Оқиға орнына жедел жәрдем келгенге дейін оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Иіс тиген жігіт ауыр хәлде жансақтау бөліміне жеткізілген. Көпқабатты үйден 40 адам эвакуацияланды, оның ішінде 9 бала бар, – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қызыл жалынды сөндіруге 5 автоцистерна мен жеке құрамнан 30 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз пайдаланудан немесе мас күйде темекі шегуден болуы мүмкін.