Семейде көше шамдары жоспарға сәйкес орнатылмауда

721
көрілім

Бұл мақсаттарға қаражатты Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) инвестициялайды. Қазіргі уақытта елге шамдар жеткізілді, бірақ облысқа әлі жетпеген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов мердігер компания өкілімен кездесіп, қалыптасқан жағдайды талқылады. Жобаның бас инженері Станислав Пономаренконың сөзінше, жұмыс бір айға кешігуде.

– Жобаның мердігері – «Everlight» компаниясы, қосалқы мердігері – «Горсвет» ЖШС. Жеткізуді кешіктіру бастапқыда коронавирус пандемиясына байланысты болды, құжаттарды бас мердігердің бас компаниясынан ҚР банкінің жергілікті компанияларына беруге байланысты мәселелер туындады. Бір айға кешігіп жатырмыз. Қазір бірінші кезең – жобалау жұмысы аяқталып қалды. Жобалау кестелеріне сәйкес жұмыс істеудеміз. Шамдар елімізге жеткізілді. Бұл ШҚО-ның екі қалаға арналған жобасы болғандықтан Өскеменде де осындай жұмыстарды жүргіземіз. Шамдарды ауыстыру екі қалада жүзеге асырылады, көшелер де белгіленген, – деді жобаның бас инженері.

Кездесу қорытындысында әкім мердігерлерге алдағы іс-қимылдардың нақты жоспарын құруды тапсырды және шамдарды орнату бойынша нақты жоспар жасау үшін олармен тағы да кездесуге уәде берді.