Семейде орман өртеніп жатыр

527
көрілім
Фотосуреттер - inform.kz сайтынан

«Семей орманы» табиғи резерваты аумағындағы орман өртеніп жатыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өрт бүгін сағат 14.00-де шықты. «Красный кардон» ауданындағы орман шаруашылығының аумағында құрғақ шөп тұтанып, өрт орманға көшкен. Қазір өрт сөндіріліп жатыр, ешкім зардап шеккен жоқ. Әзірге жалынның қайдан және қалай шыққаны белгісіз.

Қазір қызыл жалынды ауыздықтау үшін орман шаруашылығы, өрт сөндіру бөлімінің 6 арнайы техникасы мен тікұшақ жұмылдырылды. Дегенмен көк түтін орманға жақын орналасқан үйлерге жетіп үлгерді.

«Қазір тікұшақ өртті жоғарыдан бақылауда. Сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт қалаға жетпес үшін барлық құтқару қызметі жұмылдырылды»,-деді Шығыс Қазақстан обылысы ТЖД-ның баспасөз хатшысы Анастасия Скляр.