Семейде самбодан облыс чемпионаты өтті

496
көрілім

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясында самбо күресінен 2004-2005 жылы туған кіші жасөспірімдер және 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Семей спорт академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жарыстың қатысушылар үшін маңызды болды. Себебі кіші жасөспірімдер мен жасөспірімдер арасында самбо күресінен биыл бірнеше байрақты бәсекелер өтеді. Мәселен 2004-2005 жылы туған кіші жасөспірімдер облыста бірінші және екінші орын алса, наурыз айының 26-29 күндері Оралда өтетін республикалық турнирде бақ сынайды.

Ол жерде бағы жанғандар қыркүйек айының 13-20 күндері Моңғолияның астанасы Ұлан-Баторда өтетін «Азия балалары» халықаралық ойындарында ел намысын қорғайтын болады. Ал 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер облыста бірінші және екінші орын алса, сәуірдің 8-12 күндері Петропавлда өтетін ел чемпионатына қатысады. Ел чемпионатында топ жарғандар қазан айында Сербияның Нови-Сад қаласындағы Әлем чемпионатына жолдама алады.

Айта кетейік, аталған жарысқа жиыны ұзын-саны 150-ден астам ұлдар мен қыздар 10 салмақта өнер көрсетті. Үржар, Көкпекті, Шемонайха аудандары мен Курчатов қаласының балғын палуандары да бұл жарыстың көрігін қыздырды.