Семейдегі шулы оқиғаға байланысты сот үкімі шықты

693
көрілім
Шартты сурет.

Кезекті демалысы кезінде Семей қаласындағы уақытша ұстау изоляторының бастығы жұмыс орнына мас күйінде келіп, өзінің қызметтік өіклеттіктерін асыра пайдаланып, абақтыдағы 12 адамды соққыға жыққан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бастапқыда, мекеме басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді ШҚО Полиция Департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі жүргізген. Бірақ, кейіннен қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Істі тоқтату туралы заңсыз қаулыны ШҚО Прокуратурасы бұзып, тергеуді арнайы прокурорларға тапсырған.

Істі тапсырған соң, мекеменің бұрынғы басшысы тергеуден жасырынды. Осыған байланысты арнайы прокурордың өтінішхаты бойынша судья оған қатысты қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялады. Ол бір жыл іздестіруде болып, кейіннен Алматы қаласында ұсталды.

Сотта айыпталушы өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініш білдірді. Оның өкінішіне, кәмелеттік жасқа толмаған балаларының болуын, отбасында жалғыз асыраушы екенін ескеріп, Семей қаласының №2 соты ең төменгі шекте, атап айтқанда, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарында 5 жыл бойы қызмет атқарудан және полиция майоры шенінен айырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Арнайы прокурорлардың ұсынысы бойынша ШҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қатаң тәртіптік жауаптылыққа, ӨҚБ басшысы қызметіне толық сай еместігі туралы тәртіптік жазаға тартылды.