Семейлік ағайынды палуандар бозкілемге қашан оралады?

328
көрілім

Грек-рим күресінен ерлер ұлттық құрамасы сапындағы жерлестеріміз соңғы уақыттарда бірнеше сайысқа қатыса алмады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облысымызда қазір Алмат Кебіспаев, Дархан Баяхметов, Ербол Қоңыратов, Мәди Жарболов, Досжан Қартықов сынды Әлем, Азия чемпионаттарының жүлдесін әпереді-ау деген палуандар жоқ емес. Мәселен жастар санатында «Жылдың үздік палуаны» аталымына лайық шыққан Асаухат Мұхамадиев, кіші кадеттер арасындағы Азия чемпионы Оңдасын Хамитов сынды спортшылар қатысқан жарыстардан жүлдесіз қайтпай келеді. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын кадеттер арасында әлемдік, халықаралық сайыстарда топ жарған ағайынды Фидахметовтер жайлы жиі ести бермейміз. Белгілі болғандай, қос спортшы да соңғы жылдары жиі жарақат алып, жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. Оның ішінде, 63 келіде 2018 жылғы ел чемпионы, ҚР спорт шебері Ернұр Фидахметов қазір жаттығуларын жалғастырып, ауқымды додаларға дайындық жүргізуде. Ернар Фидахметов те енді бабына еніп келеді. Kazakhstan_wrestling дерегінше, Ернұр жарақаттарынан айықса, осы жылы өтетін жарыстардан көріп қалуымыз әбден мүмкін.
Қараша айында грек-рим күресінен ұлттық құрама мүшелері Иран астанасы Тегеранда өтетін Әлем кубогіне жол тартатындығы жайлы ақпарат тараған еді. Алайда аталмыш жарыс Иран халқының жанармай бағасына қатысты жаппай наразылығынан кейінге шегерілген болатын. Айта кетейік, сол додада бапкерлік құрам 63 келі салмақта Ернұр Фидахметов бақ сынайды деген еді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ