Семейлік ангиохирург өмірден өтті

397
көрілім

Коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүретін ақ халаттылардың еңбегі ерек болғанымен, оны елемейтін, тәртіпке бағынбайтын жандар да бар. Тағдырын қатерге тігетін дәрігерлердің өздері де вирусқа шыдас бермей өмірден баз кешуде.
Шілде айының 5-і күні жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, Семей қаласындағы медициналық университеттің университет госпиталінің ангиохирургі, кардиохирургі Бекжан Бұланов қайтыс болды.
Бекжан Серікбосынұлы 1974 жылы Аягөз қаласында өмірге келген. 1998 жылы Семей Мемлекеттік медицина академиясын тәмамдады. Еңбек жолын ангиохирургтен бастаған. 2007-2008 жылдары Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғылыми-медициналық орталығында кардиохирург болып жұмыс істеп, 2009 жылы «МУС» коммерциялык емес акционерлік қоғамы жүрек-қан тамырлары бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалды. Сол бір жылдары жасаудағы заманауи әдістер мен емдік-манипуляциялық әдістер тәжірибеге енгізілді. Бекжан Серікбосынұлының басшылығымен құрсақ пен кеуде қолқасына ота жасау мен брахеоцефальді қан-тамырларға пластикалық операциялар жасау жүзеге асырылды. Одан бөлек, бірқатар білікті ангиохирург пен кардиохирург мамандар даярлап, қалалар мен аудандарда науқастарға кеңес беріп, күрделі оталар жасаған.
Бекжан Серікбосынұлы 30-дан астам ғылыми еңбектің авторы. Денсаулық саласындағы еңбегі еленіп облыс, қала әкімі, университет әкімшілігі атынан Алғыс хаттары мен Мадақтама қағаздарымен марапатталған. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы мен «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін иеленген.