Семейлік боксшы Кубада әзірлік жүргізеді

3150
көрілім
Суретте Ермахан Жақпеков оң жақта

Жерлесіміз Ермахан Жақпеков Ұлттық құрама сапында Кубадағы бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Еліміздің бокс федерациясының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында берілген мәліметке сәйкес былғары қолғап шеберлері «Бостандық аралына» кеше жол тарты. Бапкерлік құрам бекіткен тізімде семейлік Ермахан Жақпеков те бар. Осыған дейін 69 келіге дейінгі дәрежеде Әлем чемпионатының күмісін иеленген ол бірнеше жылдан бері 75 келіге дейінгі дәрежеде өнер көрсетіп келеді.

– Мұны Токиода өтетін төртжылдықтың басты бәсекесіне әзірліктің алғашқы кезеңі деп қараған жөн. Спортшыларымыз мұхиттың ар жағында екі апта жаттығатын болады, – делінген мәліметте.

Боксшыларды бастап барған бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев, Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Ақүрпеков және Асқар Еркебаев сынды мамандар 16 спортшының әзірлігін бағамдап, әрбірінің кемшін тұстарын толықтыруға барын салмақ. Ұшақпен мұхит асып жағын ескерсек, қазу дайындық санаулы күндерде басталмақ. Назарларыңызға оқу-жаттығу жиынына жол тартқан былғары қолғап шеберлерін ұсынамыз:

  • Махмұд Сабырхан, Ораз Асылқұлов, Сәкен Бибосынов (52 келі)

  • Серік Теміржанов (57 келі)

  • Саматәлі Төлтаев (60 келі)

  • Ертуған Зейнуллиев (63 келі), Санатәлі Төлтаев (63 келі)

  • Абылайхан Жүсіпов, Қуан Қуатов (69 келі)

  • Әбілхан Аманқұл, Нұрқанат Райс, Ермахан Жақпеков (75 келі)

  • Нұрбек Оралбай (81 келі)

  • Айбек Оралбай, Сағындық Тоғамбай (91 келі)

  • Нұрлан Сапарбай (+91 келі)

Әділхан ЕСІМХАНОВ