Семейлік оқушылар онлайн күй тартыс өткізді

167
көрілім

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары онлайн күй тартысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

- Мектепте білім алып жатқан әрбір оқушыға домбыра шертуді үйрету міндетіміз. Ұлттық аспабымызды дәріптеу үшін «100 күй» жобасы нәтижелі жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында шәкірттерге домбыра тартуды ғана емес, сонымен бірге күй тарихын, оны шығарған күйшінің өмірі мен шығармашылығы жайлы да деректер айтылады. Ал қазіргі Төтенше жағдайға байланысты бұрын үйренгенімізді ұмытпас үшін онлайн күй тартыс ұйымдастырдық, - дейді домбыра үйірмесінің жетекшісі Мадияр Аширов.

Күй тартысқа қатысуға ниет білдірушілер аз болмаған. Солардың ішінде 7 сынып оқушылары ерекше белсенділік танытыпты. Атап айтар болсақ, Дархан Оралханов, Ұлан Талғатов, Сағыныш Сайлаубеков есімді шәкірттердің домбыра үйренгендеріне жыл тола қоймаса да, аяқ алыстары жаман емес. Ал олардың қатарына 9 сынып оқушысы Адлен Ролланұлы інілеріне үлгі ретінде іріктелген. Өйткені, Адлен республикалық балалар өнер байқауынының ақтық сынына қатысып, жүлделі 3-ші орынды иеленген болатын. 

- Күй тартыс туралы бастаманы бірден құптадым. Менің ойымша, қашықтан күй тартысудың біз үшін пайдасы өте көп. Үйренгенімізді еске түсіріп, білімімізді толықтырдық, - дейді Адлен Ролланұлы.

Жас күйшілер Құрманғазының «Адай» күйін кезектесе тартып, бақ сынасты. Алдағы уақытта басқа оқушылардың қатысуымен өзге де күйлерді орындау жоспарланған. Қазірдің өзінде мектеп шәкірттері Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Қосалқа», «Көроғлы», Абайдың «Тор жорға» күйлерін нақышына келтіре орындай алады.