Семейлік шахматшы ел чемпионатында топ жарды

451
көрілім

Семейлік Арыстан Исанжулов Алматыда өткен шахматтан жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ел чемпионатында үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қаңтардың 5-18 күндері аралығында Алматыда шахматтың 3 түрінен (классика, рапид, блиц) 6-18 жас аралығындағы жасөспірімдер мен қыздар арасында өткен ел чемпионатына шығысқазақстандық спортшылар да тыңғылықты әзірлік жүргізіп, жол тартқан болатын. Аталмыш сайысқа облыс атынан 38 шахматшы сынға түсті. Солардың арасынан суырылып шығып, жинақы ойын өрнегін көрсеткен семейлік Арыстан Исанжулов 18 жасқа дейінгі ұлдар арасында 1 алтын (рапид) және 1 күміс (блиц) еншілеп, өңірдегі шахмат спортының өрлеп келе жатқанын байқатты. Шахматтан облыс жаттықтырушысы Алмагүл Чакееваның сөзінше, шәкіртінің бұл жеңісі соңынан ерген іні-қарындастарына үлгі болып, талай жасөспірімнің жеңісті жолын ашып бергендей. Белгілі болғандай, Арыстан енді Ресей астанасы Мәскеуде өтетін ерлер арасындағы «Аэрофлот Опен-2020» турнирінде бақ сынайтын болады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ