Сербия Әлем чемпионатын қабылдауға сақадай-сай әзір

319
көрілім
Шартты фотосурет

Осыдан бірнеше күн бұрын Біріккен Күрес Әлемі осы жылы бекітілетін күнтізбелік жоспар төңірегінде онлайн-кездесу өткізді. Дегенмен жиынға қатысушылар санына шектеу қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тақырып талқылау үшін көп маман шақырылмады. Атап айтсақ, Біріккен Күрес Әлемі атқарушы комитетінің президенті Ненад Лалович (Сербия) мен осы ұйымың вице-президенттері Стэн Дзитзич (АҚШ), Ахролджан Рузиев (Өзбекстан) және Наталья Ярыгина (Ресей). Негізгі мәселе осы жылдағы басты бәсекелердің бірі саналатын еркін күрестен Әлем чемпионатының өткізу-өткізбеу жөнінде болды. Ересектер арасындағы жаһандық дода желтоқсан айының 12-20 аралығында Белград қаласында өтуі тиіс еді. Жыл соңына қарай бекітілген осы және өзге де додалардың өткізілуі үшін өткен жылмен салыстырғанда спортшылар саны азаймауы тиіс деген сөз айтылды. Яғни барлық спортшының кемі 70 пайызы бозкілемнен табылулары қажет және кемі 8-10 үздік құрамалардың сайыста төбе көрсетулері шарт. Бұдан бөлек, бекітілген күнтізбенің уақытша екендігі де баса айтылды. Себебі Күрес Әлемі мүшелігіндегілер әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты әлденені кесіп-пішіп айту әбестік екендігін жеткізді. Тіпті, алдағы айларда вирустың екінші толқыны басталуы мүмкін деген де ойлар айтылды.
 – Қандай жағдай болсын спортшылардың денсаулығын бірінші орынға қоюымыз керек. Жалпы, Сербия елі ересектер арасындағы Әлем чемпионатын қабылдауға әзір. Дегенмен көпшілік бірауыздан күдіктеніп, қажет емес деп санаса, тоқтата тұруға болады. Не де болса күнтізбе мәселесіне тамыз айының соңында тағы бір ораламыз. Осы кезде коронавирус инфекциясының таралуы жайлы сәл де болса жағдай бағамдала жатар, – деді Ненад Лалович.
Онлайн-жиын барысында өзге де сайыстардың өткізілу орындары мен уақыты нақтыланды:
 – Жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаты (Польша, қыркүйек айының 7-13 аралығы, қазан айына шегерілуі мүмкін)
 – 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем біріншілігі (Финляндия, 23-29 қараша аралығы)
 – Жасөспірімдер арасындағы Әлем біріншілігі (Сербия, 4-10 желтоқсан).
Еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионатын өткізуге ниетті Босния және Герцеговина, Словакия, Македония және Украина елдеріне қатысты шешім әлі белгісіз. Біріккен Күрес Әлемінің техникалық комиссиясы бұл мәселеге қарсылық білдіруде, себебі күнтізбеде 23 жасқа дейінгі санатқа қатысты үш сайыс тұр. Егер осы сайыстарды өткізуге төрт мемлекет өтініш берсе, онда резервті ұйымдастырушы ретінде қала бермек.