Серік Ақсартов: Бұл тойды аудан болып өткіздік

1283
көрілім
Фотосурет автордікі

Күршім ауданына қарасты Сарыөлең ауылдық округінің әкімі мерейтойдың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлға ауылдық округтің 60 жылдығын жоғары деңгейде өткізуде қолдау білдірген аудан әкімдігі мен күршімдік меценаттарға алғыс білдірді. Одан бөлек, 12 ауылдық округ басшылығы мен аудан әкімінің орынбасарлары да сүбелі үлес қосқан. Айтпақшы, қазан айының 7-сі күні концерт ұйымдастырылды. Серік Алтынбекұлы соны ұйымдастыруда шашау шығармаған мәдениет бөлімінің басшылығына алғысын жеткізді.
- Киіз үй қалашығы, тұрғындардың сауда-саттығы, "Бәйге төбедегі" дайындық, ат шабар маңын сәндеу және тағы басқасы бар, ауызбіршілік танытуды қажет етеді. "Тойдың боларынан боладысы қызық" дейді ғой. Маңызды шараны тұтас аудан болып өткіздік. Шаң-топырақ екпінін үдетті демесек, жиналған жұрт қарасы көп. Шаралар жоспарлы тізбекпен өтті. Жергілікті кәсіпкер Оразбек Базарбай үш көлік тіккенінен бөлек, қалған жеті орынға ақшалай сыйлықтар әзірлеген. Облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қасымхановты айта кетпеске болмас. Аудан әкімі өзі берген тапсырмасының орындалу барысын күнделікті қадағалап отырды. Іскер азаматтар мен күршімдіктер де жарады, - деді әкім.
Көпшілік қырғыз шабандоздары қалай келген, көршілес басқа елдерден де жүйріктер келе ме ендігі деп сауалдарын қойып жатты. Округ әкімінің сөзінше, қазақ-қырғыздың өзгелерге қарағанда қарым-қартынасы бөлек.
- Қос ел шекаралас мемлекет болғандықтан ол жақтағы мерейтойларға біздің сәйгүліктер, біздегі шараларға олардан аттар келеді. Атбегілер де бір-бірлерімен таныс, бәйге десе дереу хабар таратысады. Екі-үш ай бұрын Қырғызстанда өткен жарыста жерлесіміз Нұрлан Қасымхановтың жорғасы топ жарып, темір тұлпар ұтқан болатын. Бүгін керісінше, қырғыз бауырлар жорға әкеліп, автокөлік иеленді. Осындай мерекені екі ел бірлесіп тойласа, әр шараның берекесі кірер, - деді Серік Ақсартов.

Әділхан ЕСІМХАНОВ