Сәуле Рахметуллина: Биыл университетімізде 47 оқу бағдарламасы жаңартылды

964
көрілім

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры білім ордасындағы басты жаңалықтарға тоқталды, деп хабарлайды Buqara,kz сайтының тілшісі.

Мәлім болғандай, жаңа оқу жылында «Қазцинк» зауытының демеушілік етуімен жаңа спорт кешені ашылмақ. Қыркүйек айының 10-на дейін жатақхананың жанында ауқымды әрі заманауи спорт кешені жұмысын бастайды.

– Жатақханаға енді орналасып жатқан студенттер бұған бек қуанышты. Себебі, барып-қайтуларына өте жақын. Онда футбол, кәдімгі паркеттегі және жағажай волейболмен, теннис, Workout-пен айналысуға болады. Екіншіден, 13 қыркүйекте Google күні қарсаңында 416-шы аудиторияны киберспортқа арнап ашпақпыз. Енді студенттер соған орай өткізілетін турнирде бақ сынай алады. Әзірге уақыт бар, студенттердің қызығушылықтарын да бағамдаймыз. «Қазцинк» басшылығының демеуші болуының бір астары, осы жастарымыздың қабілетті, жан-жақты болғандығымен байланысты. Әйтсе де кейбірінде денсаулығына байланысты қиындықтар туындайды. Білімі болса да, денсаулықтарының сыр берулері салдарынан зауытқа өтпей жатады. Сол себепті, спортқа бұлай басымдық беруді орынды қадам деп білемін. Жалпы, биыл университетімізде студенттерді көптеген жаңашылдықтар күтіп тұр. Биыл 47 оқу бағдарламасының жаңартылғанын айта кетуге болады. Сингапур, Малаизия елдерінде, Назарбаев зияткерлік университетінде істеген тәжірибелі декандар университетімізде жұмысын бастап кеткен. Сол мамандармен бірлесе кәсіпорындарға жақын тәжірибеге бағытталған оқу бағдарламаларын биыл іске асырмақпыз, – деді ректор.