Шаһар күні тойланды

374
көрілім

Өскеменде Қала күні дүркіреп өтті

Өскемендіктер сүйікті қалаларының 298 жылдығын атап өтті. Екі күнге созылған мерекелік шаралар шаһар тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй, шынайы шаттық пен ерекше демалыс сыйлады. Республика алаңында ұйымдастырылған концерттік шараға келген эстрада жұлдыздары дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік отшашудың алдында сөз алған Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жиылған қауымды Қала күнімен құттықтады.

Қала күніне арналған мерекелік шаралар 7 қыркүйек күні бастау алды. ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен өткізілген «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумына келген меймандардың саны аз болған жоқ. Ал кешкі уақытта дәстүрге сай облыстық Драма театрында IV «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалі ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымды әсем әнмен сусындатты.

8-ші қыркүйек күні өскемендіктер «Күзгі тартулар» ауылшаруашылық жәрмеңкесі мен бал фестиваліне келді. Мерекелік концерт сағат 11.00-де басталды. Кешкі сағат 19.00-де қала тұрғындары мен қонақтарын Дастан Оразбеков, Әли Оқапов, Зируза, Райм&Артур сынды эстрада жұлдыздары өз өнерімен қуантты.

– Сіздерді сүйікті қаламыз Өскеменнің туған күнімен шын жүректен құтықтаймын! – деді қала әкімі Жақсылық Омар, – Бұл ерекше мерекені туған өлкемізге қатысты барлық жандар атап өтетіні сөзсіз. Себебі біздің қаламыз ешбір жанды бей-жай қалдырмайтын ерекше энергетикаға ие. Өскемен - бірегей тарихымен, рухани және мәдени дәстүрімен, экономикалық және ғылыми әлеуетімен ерекшеленетін киелі мекен. Қаламыздың ажарланып, күн сайын дамып келе жатқаны - әр өскемендіктің қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін. Бүгінгі күні шаһарымыздың экономикасы дамып, жаңа өндіріс орындары мен тұрғын үйлер, балалар бақшалары, емханалар мен спорт нысандары күн санап бой көтеруде. Осының барлығы - Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында жеткен биігіміз деп санаймын. Құрметті жерлестер! Сүйікті қаламыздың туған күнінде Сіздерге зор денсаулық, отбасылық береке-бірлік тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қала күні құтты болсын! Болашаққа ұмтылған Өскемен өркендеп өрлей берсін!

Шара соңында мерекелік отшашу атылып, көптің көз құмарын қандырды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ
Фотосуреттерді түсірген – Виктор АБАКУМОВ