Шекті баға белгіленбек

13
көрілім

Елімізде дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленбек. Үстіміздегі аптада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәрілік препараттардың бағасын реттеу туралы заңға қол қойды. Бұл дегеніміз бұдан былай мемлекет медициналық препараттар бағасын анықтап, шектік бағаның белгіленуін бақыламақ.

Қазақстан бағаны реттеп жатқан жалғыз мемлекет емес. Мұндай шара Еуразиялық Экономикалық Одақтағы барлық мемлекеттерде бұрыннан бері атқарылып келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінгі таңда кейбір дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасы 300 пайызға дейін үстемеленетін көрінеді. Тұрғындар бір препарат бағасының әр жерде екіден төрт мың теңгеге дейінгі аралықта ауыспалы болып тұратынын айтып шағымдануда. Ал шекті баға қойылса, мұндай аумалы-төкпеліліктен құтыламыз.

Азаматтар белгілі бір дәрі-дәрмектік бағасының жекелей және толайым сауда бағасын білуі үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы мобильді қосымшаны дайындау үстінде.

- Бұл бір күнде істелетін шаруа емес, - дейді облыс орталығындағы дәріханалардың бірінің қожайыны. - Тұтынушылар ертеңнен бастап баға төмендеп, барлық жерде бірдей болатынына үміт артпауы тиіс. Заңға қол қойылғанға дейін алынған препараттар бұрын белгіленген бағалармен сатыла береді.

Естеріңізде болса, бұған дейін еліміз бірнеше жыл бойы бензин бағасын реттемек болған. Алайда ресейліктер бензин тасымалдауды доғарып тастап, нәтижесінде бензин тапшылығы бой көрсеткен еді. Ел билігі бағаны еркіне жіберу туралы шешім қабылдауға мәжбүр болды. Дәрі-дәрмек бағасын реттеуде де осылай болмасына кім кепіл? Оны ертеңгі күн көрсетеді.

Ерлен ОСМАНОВ