ШҚМТУ Алматы облысы түлектерімен онлайн кездесті

1576
көрілім

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ Алматы облысы Алакөл ауданының мектеп бітіруші түлектерімен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тегін оқу. Шәкіртақы. Жолақы. Жатақханамен қамтамасыз ету. Тұрақты жұмысқа жолдама. Бұл мүмкіндіктерді ұсынатын бірден бір жоба — «Серпін-2050» «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» бағдарламасы. Басқосуға Алакөл аудандық білім бөлімінің мамандары, мектеп директорлары, Өскемен қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының ұтқырлық және еңбек ресурстары бөлімінің басшысы Жазира Қалқажанова, ШҚМТУ оқу және тәрбие жөніндегі проректоры Жадыра Конурбаева және декандар қатысты.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ бұл жобаның белсенді қатысушысы. Осы уақыт аралығында оңтүстіктен 500-ге жуық студент оқуға түсті. Бірінші түлектері оқуларын сәтті аяқтап, өңірімізде қалды. Жұмысқа орналасып, баспаналы болды.

Өскемен қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының ұтқырлық және еңбек ресурстары бөлімінің басшысы Жазира Қалқажанованың айтуынша, «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен үміткірлерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған.

– Мәселен, жұмыспен қамту орталығына қажетті құжаттарды жинап апарсаңыздар, айына 54 мың көлемінде көтерме ақы төленеді, – дейді бөлім басшысы.

Эфир барысында мектеп түлектері сұрақтарын тікелей мектеп декандарына қоюға мүмкіндік алды. Көбін гранттар саны, оқуға түсу баллы, білім бағдарламалары жайлы сұрақтар мазалады. Zoom платформасы арқылы өткен онлайн кездесудің толық жазбасын университеттің YouTube каналында көруге болады.