ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген оқу орнындағы оңды өзгерістерді баяндап берді

1581
көрілім

Соңғы жылдары Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде ауқымды жұмыстардың қолға алынып жатқанына жергілікті жұрт куә. Аталған оқу орнының басшысы Мұхтар Төлегеннің бастамасымен Польшада Абай атындағы жастардың ғылыми білім беру орталығы және университет қабырғасында жаңа мамандықтар мен дәрісханалар ашылды. Талабы таудай студенттерге түрлі республикалық сайыстарда аймақ намысын абыроймен қорғауға бар жағдай жасалған. Жетекке жүретін жастар мен оларды жетелеуден талмайтын оқытушылардың орасан еңбегінің нәтижесінде аталған білім ордасы еліміздегі ЖОО арасында алғашқы алтылыққа енді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

31 жаңа мамандық ашылды

– 2018 жылдың қаңтар айында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ға ректор болып тағайындалдым. Екі жыл көлемінде университетте 31 жаңа мамандық ашылды. Олар - математика-физика, тарих-география, химия-биология, физика-информатика, математика-информатика сынды қосарланған мамандықтар. Өйткені педагогикалық мамандық алған студенттерге шағын мектептерде екі пәннен сабақ беруге тура келеді. Ал олар қайта білім алып жатпай-ақ осы мамандықты бітіріп, өз саласы бойынша жұмыс істей алады. Сонымен қатар магистратура дәрежесінде қоршаған ортаны қорғау және тарих мамандықтарын аштық. Ал докторантура дәрежесінде қазақ тілі мен әдебиеті, математика, экономика, информатика және химия мамандықтары тіркелді. Менің ойымша, Алтай өлкесі еліміздегі ғылыми кадрларды дайындайтын іргелі орталыққа айналуы керек, – дейді Мұхтар Төлеген.

Расында да, Шығыста жерасты қазба байлығының мол екенін ескерсек, жаңа ашылған мамандықтар көп ұзамай өз нәтижесін берері хақ. Алайда қара алтынның үстін мекен етсек те, әлі күнге арнайы мамандарға зәру екеніміз рас. Бір қуантарлығы, жаңа мамандықтар біздегі маман тапшылығының азаюына оң әсерін тигізер деген сенімдеміз.

– Біз университетке сырттан ғалымдар шақырамыз. Бірақ олар бұл өңірді жерсінбей кетіп қалады. Бұл бізге тиімсіз. Осындай келеңсіздіктен тек жергілікті мамандарды даярлау арқылы ғана құтыла аламыз, – дейді ректор.

Шығыс Қазақстан тек түсті металдың ғана мекені емес, тарихи мұраға да бай өлке. Сондықтан аталмыш университет студенттері тарих мамандығы бойынша археологиялық қазба жұмыстарына да белсене атсалысады. Биыл оқу орны сандық гуманитаристика мамандығын ашыпты. Бұл мамандық бойынша студенттер жер қыртысын зерттеп, жер астында қандай археологиялық қазбалар бар екенін анықтай алады. Соның нәтижесінде білім ордасында «Үлкен Алтай әлемі және мәдени мұра» музейі жұмысын бастаған екен.

Польшадағы Абай орталығы

Университет басшылығы Жастар жылына орай «Алтай жастары» телерадиокешенін ашып, студияны техникалық құралдармен толық жабдықтаған екен.

– «Алтай жастары» телерадиокешені 2018 жылдың мамыр айында ашылды. Студия жоғары оқу орнының нөмірі 5 оқу ғимаратында орналасқан. Бұл - студенттерге алған білімдерін тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндік. Студенттер осы жерде монтаж жасап, дыбыс жазумен айналысады. Техникалық тұрғыдан толық жабдықталған. Өзге студиялардан артық болмаса кем емес. Алғашында бұл телерадио кешенін қалай атаймыз деп ойланғамыз рас. Ақылдаса келе, Жастар жылына орай «Алтай жастары» деп атауды жөн көрдік, – дейді М.Төлеген.

Биыл университет ректоры Мұхтар Әділбекұлының ұсынысымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Абай медалі жасалып, Польшаның Свече қаласында Абай атындағы жастардың ғылыми білім беру орталығы ашылды.

– Осы бастама облыс әкімі Даниал Ахметовтың тікелей қолдауымен жүзеге асты. Сонымен қоса біздің сол жердегі студенттеріміз ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы және Польшаның 100 жылдығына орай 50+50=100 деген математикалық кітап шығарды. Елу саны Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің елу фактісін анықтаса, ал екінші елу саны Польшаның тәуелсіздігіне байланысты. Осындай екі ел арасындағы ұлы достықтың нәтижесінде біздің бес студентіміз сол жақта тәжірибе алмасып, білім алуда. Тағы 25 студентіміз өзге елде білімін толықтыруда. Бұл - біз үшін үлкен жетістік. Ал екінші жағынан біз Абай әлемі арқылы елімізді, мәдениетімізді күллі әлемге таныта аламыз, – деді ол өз сөзінде.

Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра

Бұдан бөлек, ректор өзінің тың идеясымен Тәуелсіз елдің ел болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан батырлар мен ғалымдарға арнап жаңадан дәрісханалар ашуға мұрындық болуда.

– Биыл Жастар жылы аясында университет тарихында тұңғыш рет Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың 11 мамырдағы №328 бұйрығы негізінде Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра аштық. Ерекше атап өтерлігі бұл – өңірдегі университеттердің ішінде ашылып отырған үшінші әскери кафедра. 2019-2020 оқу жылына 45 грант бөлінді. Алдағы уақытта грант санын көбейту жоспарлануда. Кафедраға Қабанбай батырдың есімін беруіміз де тегін емес. Біздің жастарымыз батыр бабамыз сияқты рухы биік болсын деген ниетте болдық. Алдағы уақытта Қабанбай батырдың атына музей ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді ректор.

Оның айтуынша, әскери кафедраны бітірген студенттер жоғары оқу орнын аяқтағаны туралы дипломмен қатар әскери билет де алады. Сонымен бірге олардың Қорғаныс министрлігінде, әскери бөлімдерде және басқа да мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаруына мүмкіндік бар.

Ағымдағы жылы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да осы оқу орнының алғашқы ректоры Ережеп Мәмбетқазиев атындағы жалпы химиялық дәрісхана ашылды. Дәрісхана қабырғасында Ережеп Мәмбетқазиевтың еңбек жолымен қатар өзі жазған кітаптар да қойылған.

– Осы жылдың жақсы жаңалықтарының бірі – оқу орнының алғашқы ректоры Ережеп Мәмбетқазиев атындағы жалпы химиялық дәрісхананың ашылуы болды. Осылайша біз тәуелсіз Қазақстандағы оқу ордамыздың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан адамға құрмет көрсеттік. Ережеп Әлқайырұлы елімізде және өзге мемлекеттерде Қазақстандағы білім жүйесінің көшбасшысы саналады. Университет ректоры бола жүріп ол ШҚМУ-мен шет елдегі жоғары оқу орындарының серіктестігі негізін қалады, – дейді Мұхтар Әділбекұлы.

Осы орайда университет ғимаратында Жүрсінғали Ахмеровтың құрметіне цифрлы гуманитаристика кабинетінің ашылғанын атап өткеніміз жөн болар. Ректордың сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта Жүрсінғали Ахмеровтың еңбектерін жинақтап, оны цифрландыру жүйесіне енгізу жоспарланып отыр.

Хакім Абай жазған заң жинағының түпнұсқасы елге әкелінеді

Жастар жылында университет басшылығының тікелей араласуымен студенттердің бос уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Студенттер үйінің жанынан Алексей Трунов атындағы фитнес-орталығы ашылды. Мұхтар Төлегеннің айтуынша, жастар білімді болумен қатар спортпен де айналысуы керек. Екіншіден, залдың ашылуы жас ұрпақтың өзге дін ағымдарының жетегінде кетпеуіне өз ықпалын тигізуде. Олай дейтініміз, студенттер сабақтан бос уақытында осында келіп спортпен тегін шұғылданады. Расымен де, бұл бастама жастардың салауатты өмір салтын ұстануына даңғыл жол ашты. Оқу ордасы студенттерге білім беруден тыс азық-түлікпен де қамтамасыз етіпті. Осы жылдың өзінде университеттің биотехнология зертханасында биолог ғалымдар өсірген 4,5 тонна картоп өнімдері қыркүйек айында жатақханада тұратын студенттерге тегін таратылған.

Оқу орнының басшылығы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап профессорлық оқытушы құрам мен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға өсіріпті. Университет көлемінде соңғы 10 жылда қызметкерлер жалақысының өспегенін ескерсек, бұл жаңалық білім ошағында еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы үшін үлкен қуаныш болды.

– Сөз соңында жағымды бір жаңалықпен бөліскім келеді, жақында Шығыс Қазақстаннан арнайы делегация Татарстанға барып қайттық. Қазан қаласындағы Қазан федералдық университетінде өткен кездесу барысында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 1885 жылы жазылған «Қарамола Ережесі» жинағының түпнұсқасын уақытша елге әкелу жөнінде келісімге келдік. Жоғары деңгейдегі кездесуге Татарстанның Қазақстандағы өкілетті өкілі Д.Валеев, ҚФУ проректоры Л.Латыпов, ҚР Жоғарғы сотының судьясы Б.Жұмағұлов, облыстық сот төрағасы Н.Қайырбеков, облыстық соттың судьясы Е.Жұмақсанов қатысты. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның Қазан қаласындағы баспаханада басылып шыққан, сондағы Н.Лобачевский атындағы ғылыми кітапханада сақтаулы тұрған Ережелер жинағының түпнұсқасын елге әкелсек нұр үстіне нұр болары анық. Бір ғажабы, бұл еңбек 74 баптан тұрады, Абай атамыз мұны 3 күнде жазып шыққан деген деректер бар.

Таунар ҚАЙРАТ