ШҚО аумағында балық аулағысы келген тұрғындар сауалына жауап

514
көрілім
Шартты фотосурет

Ауа райына қарап жайдары жаз мамыр айында басталып кетті ме деп айтуға болатындай. Суға күмп етіп сүңгуге әлі ертерек, әйтсе де өзенге қармақ салып, бой жазып қайтуға таптырмас уақыт. Балыққа баруды ерлер ғана емес, нәзік жандылар да, балалар да жақсы көреді. Мамандар Өскемен маңында қай жерге барып, балық аулауға болатыны жайлы ақпар ұсынды. Алайда тұтас облыс қамтылмапты. Осы ретте оқырман тарапынан түскен бірқатар сауалдарға жауап беруді жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сұрақтарға жауап беруде Зайсан-Ертіс облысаралық балық шаруашылығы бассейн инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Рахымжанов ақпараттар ұсынды.

Қай жерге барып, тегін, емін-еркін балық аулап қайтуға болады?

– Әуесқой балықшылар сақтаулы қордың еркін аумақтарында бес келіге дейін балық аулай алады. Нақты қай жер десеңіздер: Ертіс өзені, Бұқтырма су қоймасы, Сарыбел ауылының маңы, Васильев өткелінен Бұқтырма ГЭС-іне дейінгі аумақ, Сібе көлдері. Балықшылар Бұқтырма су қоймасының учаскелері өткізілген конкурс бойынша пайдаланушылардың атына тіркелген болуы екендігін анықтап алулары қажет.

Ау қолдануға болмайды. Тыйым салынған заттармен аулауға рұқсат етілмейді.

Балық аулауға жолдама қалай және қандай жағдайда ресімделеді?

– Жолдама нақты бір пайдаланушының атына бекітілген аумақта балық аулаған кезде керек болады. Айталық, Зайсан көлінде жеті, Бұқтырма су қоймасында онға тарта бекітілген аумақ бар. Бұл жерде тек жолдаманы ресімдеп болған соң ғана балық аулауға мүмкіндік бар. Учаскелерді пайдаланушылардың телефонын, яғни жолдама берілетін орындарға қалай байланысуға болатынын @zemb_inspekcia.rh. Инстаграм парақшасынан табуға болады.

Сондай-ақ қолына қармақ алғандарға «поймай.кз» қосымшасын жүктеп алуға кеңес берер едім. Бұл пайдаланушылар жайлы ақпарат пен байланыс телефонын тезірек табуға қолайлы. Керек десеңіз, жолдаманы да осы арқылы ресімдеуге болады.

Мамыр айының 31-і күні жергілікті маңызға ие балық шаруашылығындағы су тоғандарын бекіту бойынша конкурс өткізілді. Төрт тоғанда көл-тауарлық балық аулауды енгізу үшін пайдаланушылар анықталмақ. Егер біреу-міреу балық аулаудың осы түрімен айналысуға қызығушылық білдірсе өтініш берсін. Мемлекет тарапынан қазір бұл бағытты ерекше қолдауда. Бұдан бөлек, Бұқтырма су қоймасының тағы үш учаскесінде балық өсіру шаруашылығын енгізу үшін конкурс өткізу жоспарланған.

Марқа көлінде балық аулауға бола ма?

– Иә, болады. Алайда бұған тек жергілікті тұрғындардың қажеттілігі үшін ғана рұқсат берілген. Өскемендіктер сол жаққа барып балық аулау үшін жолдама ресімдей алмайды.

Өңір бойынша балықтың қай түрін аулауға тыйым салынған?

– Ең бірінші, бұл – бекіре тұқымдас балықтар, күмжі (таймень), сылан (нельма).

Балықшылардың көкейінде түрлі сауалдар болады. Әсіресе, жолдаманы қалай ресімдейміз деп жиі хабарласады. Осы жағын толыққанды түсіндіріп беретін мамандардың байланыс телефонын ұсына кетсеңіздер…

– Балық шаруашылығы бөлімінің телефоны – 41-52-22. Жұмыс күндері таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:30 аралығында хабарласуға болады.