ШҚО ауылдарында алты мектеп бой көтермек

328
көрілім
Шартты фотосурет

Қазіргі уақытта өңірде 342 мектеп жұмыс істейді, онда 96 488 бала білім алып жатыр. Өткен жылға қарағанда биыл оқушылар саны екі пайызға өсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлғалар «Сапалы білім беру. Білімді ұлт» Ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында аймақ билігінің алдында тұрған міндеттердің бірі – оқушылардың білім сапасын жақсарту және қалалық мектеп пен ауылдық мектеп арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту екенін айтты.
– Басты назарымыз орта білім беру жүйесіне аударылады. Бүгінгі таңда біз оң динамиканы көріп отырмыз. 2022-2023 оқу жылының бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша білім беру сапасы 63,6%-ды құрады, бұл 2021-2022 оқу жылының 1-жартыжылдығымен салыстырғанда 0,9%-ға жоғары (62,7), – деп хабарлады облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.
Айта кету керек, былтыр білім беру инфрақұрылымы айтарлықтай өзгерді. Төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның үшеуі ауылдық жерлерде орналасқан.
– 2025 жылға дейін салынатын 17 мектептің алтауы ауылдық жерлерде бой көтереді. Білім беру ұйымдарында шатырларды, электр-жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл үш білім ордасына күрделі жөндеу, 24 білім мекемесіне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған, – деп толықтырды Чернышева.