ШҚО Денсаулық сақтау басқармасындағылар сұраухат жауабына жанама жауап берді

515
көрілім
Шартты фотосурет

Күршім өңірі тұрғындарынан ауыл шаруашылығы мен медицина хақында түрлі сауалдар түсіп жатады. Әралуан жағдаяттар мен қысылтаяң сәттер тиісті мекемелерге қоңырау шалуға түрткі болады. Бұл жолы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін облыс орталығындағы ауруханаларға кезектен тыс қаралу мүмкіндігі жөнінде сұрақ қойылды. Осыған сәйкес облыстық Денсаулық сақтау басқармасына сұраухат жіберілген болатын. Жауабы келді, алайда жауапты тұлғалар бұл жолы да нақтылық танытпады.

Әр сауалға әрқилы жауап

Кейде төрт-бес сұрақтың өзіне сонша орындаушы жұмылдырылып, бірнеше сұраққа бірмезетте жауап алу мүмкін болмайды. Ол да жөн болар. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, әр бағытты өз маманы қамтыса, жұмыстың сапасы да арта түсер. Дегенмен соның өзінде сұраухатқа жауап берген сәтте мамандардың ой шашырап, қойылған сауалға басқа тұрғыда жауап беруге тырысатындары адамды қайран қалдырады. Кейде «Бұл басқа сұраухаттың жауабы емес пе екен?» деген пікірде қаласың. Алдымен қарапайым сұрақтардың бірі қойылды: Облыс бойынша I-ші және II-ші топтағы мүгедектер саны қанша?

– 2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап елде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Мүгедектер азаматтардың жеңілдік санатына енгізіліп, медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылды. Олар үшін медициналық сақтандыру қорына жарналарды мемлекет төлейді, – деді басқарма мамандары.

Бұл түсінікті жайт. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жайлы жиі айтылғанмен ол уақтылы төленбеген жағдайда қандай келеңсіздіктерге әкелетіндігі, былтыр төлем жағы кенжелеп, биылдан бастап төлей бастаған тұрғындар дәрігерлерге тегін қарала ма деген сауалдарға нақтылы жауап берілмеді. Тым құрығанда, алғашқы сұраққа тұщымды мәлімет те ұсынбады. Басқарма басшылығындардың сөзінше, мүмкіндігі шектеулі жандар, жеңілдік санатындағы басқа санаттағы адамдар сияқты, медициналық көмекке ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде келесі медициналық қызметтер алады:

 1)   мамандандырылған консультациялық-диагностикалық көмек;

 2)  стационарлық көмек (күндізгі стационар);

 3)   жоспарлы стационарлы көмек (тәулік бойғы стационар);

 4) амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

    оңалту және қалпына келтіру ем-домы.

    Облыстағы оңалту орталықтары

Бұдан бөлек, облыста Өскемен мен Семей қалаларында екі Оңалту орталығы амбулаториялық негізде жұмыс істейтін көрінеді. Әрі қарай да осының жалғасы саналатын мәліметтер. «Мүмкіндігі шектеулі жандар өңірдегі ауруханалардан қандай жағдайда ақысыз немесе жеңілдектермен тиісті қызмет түрін ала алады?» деген сауалға да жанама бағытпен жүзіп өткен қайықтай жауап қайтты. Сөз арасында ересектермен қатар балаларға қатысты аз-кем мәлімет ұсынылды.

– Мүмкіндігі шектеулі балалар Семейде «Тоқтамыс» ЖШС мен «ИнВитро+» консультациялық-диагностикалық орталығында, Өскемендегі «KKYU HELS» ЖШС DEVAL, сондай-ақ облыс орталығындағы Ана мен бала орталығы негізінде ашылған Оңалту орталықтарында ем ала алады, – деді басқармадағылар.

Жеңілдікпен бе, тегін түрде ме, ол жағы беймәлім. Осындай немкетті берілген жауаптардың соңынан қарша борайтын сауалдар да сапасыз жұмыстың пердесін ашатындай. Айтуларынша, мүгедек балалар ай сайын елордадағы балаларды Оңалту орталығы мен Алматыдағы «Балбұлақ» орталығына жіберіледі.

– Қазіргі уақытта емханаларда дәрігерлерге жазылуға және тексерілуге алдын ала тіркелу жүйесі бар. Осыған байланысты мүгедектердің басқа азаматтар сияқты үйден шықпай-ақ жазылу мүмкіндігі бар, – деді жауапты тұлғалардың бірі.

Бұл жерде де алдын ала жазылу қалай жүзеге асырылады, қалай тіркелуге болатыны жайлы жақ ашпады жауапты тұлғалар. Қосымша сауалдар туындаса 8-72-32-52-32-23 нөміріне қоңырау шалып, алыс елді мекендердегі тұрғындар мен мүмкіндігі шектеулі жандар облыс орталығының ауруханаларында ем қабылдауға қатысты түсінбеген тұстарын анықтап біле алады.