ШҚО дәрігерлері жаңа технологияны меңгеруде

312
көрілім

Өткен аптада елордалық маманның басқаруымен өңір дәрігерлері үш жарым сағат ішінде пациенттің қантамыр қабырғасынан өлшемі өріктей атеросклеротикалық түйіншекті кесіп алды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ота күрделі болғандықтан дәрігерлерден ерекше шеберлікті керек етті. Ал оны тәжірибесі мол маман жасауы қажет еді. Осы себепті ота жасау үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың қантамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ирлан Сағындықов шақырылды. Отаға облыс орталығынан екі пациент дайындалды. Олардың бірі бірнеше жыл қатарынан атеросклеротикалық түйіншек ағзасындағы қан айналымына кедергі келтіріп келген 68 жастағы пациент болды.

- Бұл жолы біздің топ екі қантамыр хирургі мен анестезиолог маманнан тұрды. Біз өскемендік әріптестерімізге науқастарды таңдау, ауырсынуды басу және хирургиялық әдіс-айлаларды меңгерудің классикалық тәсілдерін көрсеттік. Ота жасау кезінде пациенттің инсульт алып қалу қаупі басым болды. Осы себепті қауіптің алдын алу мақсатында отаны жергілікті жерге анестезия беру арқылы жасадық. Бұл бір жағынан шығысқазақстандық анестезиолог мамандар үшін таптырмайтын тәжірибе, - деді Ирлан Сағындықов.

Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың рентгенэндоваскулярлы зертханасының меңгерушісі Мұхтар Қорабаев бұдан былай аталмыш жоғары технологиялық медициналық қызметтің шығысқазақстандық дәрігерлерге де қолжетімді болатынын айтады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ