ШҚО дзюдошылары үшін Жастар ойыны қалай өтті?

335
көрілім

Жуырда Орал қаласында өткен додада шығысқазақстандық спортшылар ойдағыдай өнер көрсетіп, командалық есепте үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дзюдодан облыстың бас бапкері Бақытбек Дуанов бір сұхбатында «Шығыс Қазақстанның палуандарымен еліміздегі қай өңір спортшылары болсын санасады» деген еді. Қапысыз айтыпты. Ерлер мен әйелдер ел көлемінде ешкімге есесін жібермей келеді. 66 келіде Ерлан Серікжанов, ауыр салмақтарда Ерасыл Қажыбаев пен Әділ Оразбаев, бұрымдылардан Зере Бектасқызы, Назерке Тілеуханова сынды татами шеберлерінің жүлдесіз қалған кездері ілуде біреу шығар. Аға-әпкелерінің жолын жалғай түскен кейінгі буын, яғни жастар да осы үрдісті бұзбай, бапкерлер сенімін ақтап келеді. Оған куә – жуырда Орал қаласында өткен V Жастар ойыны. Жеңімпаз атанып, жүлде алған дзюдошылар қатарында құрлықтық жарыстарда атой салғандары да бар. Сайыстың соңғы күні аяқталмай тұрып Думан Бұғылбаев пен Асқар Арқабаев шәкірттерінің қоржынында үш алтын, бір күміс және төрт қола медаль болған еді. Айталық, Серікбол Естай алдымен ақтөбелік Қуанышбек Қазанғалиевті, екінші айналымда елордалық Асылболат Сапарғалиевті айқын ұтса, жартылай финалда маңғыстаулық Нұрбек Қуанышұлының осал тұсын тапты. Ал шешуші сында қарағандығылық Атабек Тұрлыбаевты сан соқтырды. 63 келіге дейінгі салмақта аймақ намысын қорғаған Кристина Сотникова бірінші кездесуінде Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Даната Усманованы, екінші белдесуінде ақтөбелік Әйгерім Әкімбайдан айласын асырды. Өскемендік бұрымды финалда қостанайлық Самалай Ерғалиеваға еш мүмкіндік қалдырмай, чемпион атанды. Бұдан соң да облыс спортшыларды бірінен соң бірі медаль иеленіп, әр салмақта жүлдегер атануға қауқарлы екендіктерін байқатқан-ды. Татамиге соңғы болып беттеген Ермахан Әнуарбеков (90 келі) пен Дарын Бейісханов (+100 келі) күміс мен қола медаль қанжығалады.
Мұндай нәтижемен аймақ дзюдошылары жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастап, бірінші орынға жайғасты. Нақты айтсақ, жерлестеріміз 320,5 ұпаймен Алматы, Түркістан облыстарынан едәуір ұзап кетті.