ШҚО дзюдошысы Әлем чемпионы атанды

270
көрілім

Ұлан ауданының тумасы Ерлан Сейілханов Мароккода өткен дзюдодан ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Байрақты бәсекеге әлемнің 45 мемлекетінен ұзын-ырғасы 1200-ге спортшы қатысқан еді. Жұмыр жердің кіл мықтылары бақ сынаған сайыста ел қоржыны түрлі медальдар жиынтығымен толыққан-ды. Ұлан ауданының Бозанбай ауылынан шыққан татами шебері Марокконың Марракеш шаһарында өткен аламанда аса сенімді өнер көрсетті. Жерлесіміздің 66 келі салмақта айдарынан жел есіп, бес бірдей қарсыласынан айласын асырды. Әлемдік додада үздік нәтиже көрсетуімен қатар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын да орындады. Спортшыны бірқатар Олимпиада ойындарының қатысушылары мен Әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегерлерін даярлаған Бақытбек Дуановтың баптағанын айта кеткен жөн.

Әділхан ЕСІМХАНОВ