ШҚО әкімі депутаттарға қол қусырып отырмауды үндеді

321
көрілім

Аймақ басшысының айтуынша, сайлаушылардың сайлауға деген селқостығының себебі депутаттардың салғырттығында, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаты отырысында айтылды. Сайлауалды бағдарламасының жүзеге асу қорытындысын талқылаған Даниал Ахметов кейбір депутаттарды сынады.

- Мен бір ғана мысал келтірейін. Өскемендегі шағын аудандардың бірінде сайлау науқаны қалай жүріп жатқанын бақыладым. Осы жерде тұрғындардың неге белсенді қатыспайтындығы білінді. Себебі шағын ауданда ондаған жылдар бойы абаттандырылу, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Уақыт өткен соң қажетті шараларды атқарып, тұрғындардың көңілінен шықтық. Бірақ осындай жағдайға жеткізбейтіндей сайлау округінің қалалық депутаты бар. Ол болса керісінше үндемейді. Сондықтан жауапсыз қалған әрбір мәселе партияға деген кері пікірді тудырады. Халықтың проблемасын көтеріп, әкімдерге жеткізу депутаттардың міндеті, - деді Даниал Ахметов.

Аймақ басышысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың келесі сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша мәжілісте де, жергілікті органдарда да өткізілетінін еске салды.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ