ШҚО әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

333
көрілім

"Nur Otan" партиясының ШҚОФ ғимаратында Даниал Ахметов облыс тұрғындарының мұң-тілектерін тыңдап, көмек қолын созуға уәде етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

- Мен жеке кәсіпкер ретінде Алакөлде демалыс орнын ашпақ едім. Алайда кәсібімді ары қарай дөңгелетіп әкетуге бірқатар тосқауылдар тұр. Түрлі құжаттарды жинау мен рұқсат беруші мекемелердің  қойылған талаптарына сай болу қиындық туғызады, - дейді жеке кәсіпкер Асхат Абильбеков.

Көпшілік білетіндей аталған жағажай халыққа кеңінен танылып келеді. Осы ретте инвесторлар мен кәсіпкерлердің бұл жерде бизнеспен айналысуға деген ниеттері айқын байқалады.

- Жеке кәсіппен айналысамын дегендерге ешқандай тосқауыл жоқ. Алайда кәсіп көзі барлық тұрғыдан қонақүй ережелеріне, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі қажет. Салықтан жалтару, ұсыныстарды орындамаудан аулақ болу керек, - деп нақтылады аймақ басшысы.

Үржар ауданы Қарақұм ауылынан келген көпбалалы ана Меруерт Рахметуллаеваның баспана мәселесі толық шешілмей жүргенін айтты. Жолдасының да денсаулық жағдайы нашар бес баласы бар ана қаржылық жағынан қысылуда. Оның үстіне жығылғанға жұдырық болып, бір ұлы псориаз ауруына шалдыққан. Оған тиісті дәрі-дәрмектің құны қымбат. Бұл жағдайға байланысты облыс әкімі Даниал Ахметов жауапты басқармаларға тапсырма беріп, нәтижесі болатынын сендірді.