ШҚО Қаржы басқармасы былтырғы жылдың бюджет қаржысы қалай және қайда жұмсалғандығы туралы есеп берді

412
көрілім

Жыл сайын әрбір мемлекеттік мекемелерге, қала мен аудан әкімдіктеріне республикалық және облыстық бюджеттен едәуір қаржы, бөлініп отырады. Сол қаржының қалай жұмсалып жатқандығын жіті қадағалау міндеті ШҚО Қаржы басқармасына жүктелген. Жуықта басқарма басшысы Лязиза Кенжетаева облыстық әкімдік ғимаратында өткен мәслихат сессиясына қатысып, 2017 жылғы бюджеттің қалай және қайда жұмсалғандығына байланысты толыққанды есеп берді. Оның айтуынша, былтыр өңір әкімдіктеріне, басқармалары мен департаменттеріне бөлінген жалпы қаражаттың 1,9 млрд. теңгесі игерілмей қалған.

Әр тиыны есептеледі

Өңірдің әр тұрғыны ай сайын өз жалақысынан белгілі бір мөлшерде салық төлеп, облыстық бюджеттің толығуына септігін тигізеді. Сол жинақталған бюджет жылда белгілі бір мөлшерде мемлекеттік мекемелерге, қала мен аудан әкімдіктеріне алдын ала жасалған жоспарға сәйкес бөлініп отырады. Осы ретте, дүйім жұртты «Бұл ақша қайда кетіп жатыр?» деген сұрақ толғандыратыны рас. Таяуда облыстық мәслихат сессиясында аталмыш тақырып аясында кеңінен сөз қозғалған болатын.

– 2017 жылы облыс бойынша бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталған қаражат мөлшері өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 7%-ға өскен, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық Қаржы басқармасының басшысы Лязиза Кенжетаева, – Даму бағдарламасы аясында жұмылдырылған қаражатта да өсім бар. Оның ішінде 4,9 млрд теңге – Білім саласына, 2,7 млрд теңге – денсаулық сақтау объектілеріне, 26 млрд теңге – тұрғын үй салу мен инженерлік-коммуникация инфрақұрылымына, 9,1 млрд теңге – жылумен жабдықтауға, 7,9 млрд теңге – көлік инфрақұрылымына, 25 млрд теңге – мәдениет саласына бөлінген.

Облыс құзырына берілген республикалық бюджеттің 64,8 млрд теңгесі игерілген. Аталған қаржы ауыл-аймақтарды дамытуға, әлеуметтік маңыздағы шараларды ұйымдастыруға, Жұмыспен қамту бағдарламасына және басқа да шараларды жүзеге асыруға жұмсалған.

– Жалпы, өткен жылы денсаулық сақтау саласына медициналық мекемелердің құрылыс жұмыстарын қосқанда 39,2 млрд теңге жұмсалған, – дейді Лязиза Карлқызы, – Колледж мамандарын даярлауға, мектептердегі кітап тапшылығын азайтуға, дарынды балаларды оқытуға 26,4 млрд теңге бөлінді. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың курорттық емдеуге баруына, оларға көмек көрсететін медициналық-әлеуметтік мекемелерді қалыпқа келтіруге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға қолұшын созуға жұмылдырылған қаржы мөлшері – 10,6 млрд теңге. Айта кету керек, 2017 жылы жоспарда белгіленген барлық мәдени шаралар уақытылы өткізілген. Концерттер, мерекелік шаралар ұйымдастыруға, спорттық жарыстар өткізуге, ұлттық мәдениетті насихаттауға 12,2 млрд теңге бөлінді.

Оның айтуынша, қоғамдық тыныштықты сақтауға, қылмыстың алдын алу жұмыстарына, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 14,6 млрд теңге шығындалған. «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үй салуға 6,5 млрд теңге бөлініпті. Соның нәтижесінде, облыс бойынша 9 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген (Өскемен қаласында – 3, Зайсан ауданында – 3, Зырянда – 2, Ұланда – 1).

– Жануарлар әлемін қорғауға – 2,5 млрд теңге бөлінсе, елді мекендерді таза ауызсумен қамту үшін – 9,1 млрд теңге жұмсалған. «Бизнестің Жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша 3,4 млрд теңге қаржы игерілген. Аталған қаржы мөлшері Өскемен қаласы мен Глубокое, Ұлан, Үржар, Аягөз, Абай, Бесқарағай, Тарбағатай және Зырян аудандарындағы 19 жобаны іске асыруға жұмсалды. Ауыл шаруашылығы саласына бөлінген 21,9 млрд теңгенің біршама бөлігі субсидиялауға жұмылдырылған. Облыстық маңыздағы көлік жолдарын жөндеуге және ұстауға 14,1 млрд теңге бөлініп, 100% игерілді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы – Семей қаласының көшелері мен Күршім ауданындағы Теректі-Ұранхай-Төсқайың автожолын жөндеу жұмыстарына жұмсалған.

Игермегендер де бар

Десе де, кейбір мемлекеттік мекемелер бөлінген қаражатты толықтай игере алмапты. Облыстық Қаржы басқармасының басшысы жоспарды орындамаған басқармалардың атын атап, түсін түстеп шықты.

– Игерілмеген қаржы мөлшері 1,9 млрд теңгені құрап отыр, – дейді ол, – Оның ішінде Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы – 283 млн теңге, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы – 87 млн теңге, Ауыл шаруашылығы басқармасы – 68 млн, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы – 25 млн теңге қаржыны белгіленген мақсат бойынша игере алмаған.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Серікқазы Уразалиевтің сөзіне сүйенсек, өткен жылы өңірімізде игерілмеген қаржы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда біршама азайған. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының игерілуі де оң қарқын алыпты.

– Мемлекеттік мекемелердің бөлінген қаржыны тиімді пайдалануының нәтижесінде көлік құрастыруда өсім байқалады, – дейді ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Улақанова, – 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден 460 млрд теңге пайда түскен. Қарқынды құрылыс жұмыстары нәтижесіне 380 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Бір жыл ішіндегі жол жөндеу жұмыстарынан кейін «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайда деген жолдардың үлесі – 77%-ға жеткен.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ