ШҚО мектептерінің 58%-ы қашықтан білім бермек

247
көрілім

Өңіріміздегі 312 мектеп оқушылары жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында қашықтан білім алады. Бұл туралы әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.

– 2020-2021 оқу жылының бірінші тоқсанында 312 мектептегі 109,6 мың оқушы қашықтан білім алады. Ата-аналардың өтініштері бойынша бастауыш сынып оқушылары кезекші сыныптарда оқи алады. Әр топта 15 адам болады. Барлық санитарлық шаралар қатаң сақталады. Сондай-ақ биыл қашықтан оқыту жүйесінің режимін түсіндіру мақсатында балалардың бірыңғай сағаты және ата-аналардың бірыңғай дәрісі ұйымдастырылмақ, – деді ол.

ШҚО әкімінің айтуынша, 334 мектепте оқушылар бұрындағыдай сабаққа барады. Бұл шағын жиынтықты және орын саны жеткіліксіз мектептерге қатысты.

– Аталған мектептерде білім алатын оқушылар екі ауысымда оқиды. Әр сабақтан соң жарты сағат бойы желдету және дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар маска кию режимі мен медициналық бақылау күшейтіледі. Бүгінде облыстағы барлық мектеп дезинфекциялық және санитарлық қауіпсіздік құралдарымен толықтай қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, балаларға тегін маскалар беріледі, – деді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы өз сөзінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар мектеп формасымен толықтай қамтамасыз етілетіндігін жеткізді.

– 20 тамызға дейін 48 мың оқушы мектеп формасымен тегін қамтамасыз етіледі. Осы категориядағы балаларға аяқ киім де берілмек. Биылғы оқу жылынан бастап аз қамтылған және көпбалалы жанұялардан шыққан 3 764 бүлдіршін балабақшаға еш ақысыз барады. 21 524 оқушы қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады, – деді Даниал Кенжетайұлы.

Өңіріміздегі 1,6 мың балаға нарықтағы сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша тегін білім алуға мүмкіндік жасалып отыр. Сонымен қатар бұл санаттағы балалар жоғары оқу орындарында облыс әкімінің гранты аясында білім алмақ.