ШҚО мен Алматыдағы қылмыстық топ пойыздағы тауарларды ұрлаумен айналысқан

381
көрілім

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері Қытайдан шығып Қазақстан мен Еуропа елдеріне тауар таситын пойыздарды тонау үшін өз әрекеттерін бүге-шүгесіне дейін жоспарлап алған. Осылайша олар бірнеше жыл бойы заңды белден басып келіпті. Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласындағы қылмыстық топтың жолын кесу үшін Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Қолына кісен салынғандардың көбісі – теміржол қызметкерлері екен. Әрбір әрекеттерін тап-тұйнақтай етіп ойластырып алған қылмыстық топтың бірнеше мүшесі тасымалданатын тауарлардың сипаты мен олардың нақты қай вагондарда орналасатындығы туралы мәлімет жинаған. Қалғандары пойыз тоқтаған сәтте ішке еніп, тауарға тағылатын қорғасын мөрді арнайы әдіспен ашып, бағалы заттарды белгіленген жерге жеткенде тастап кетіп отырыпты. Ал сол сәтте бұл топтың тағы бір мүшелері тауарды көлікке тиеп, келісілген жерге жеткізген.

– Қолды болған тауарлардың ішінде көбінесе тұрмыстық техника болды. Атап айтсақ, ноутбуктар, планшеттер, ұялы телефондар. Тағылған мөрдің механикалық бұзылу белгілері білініп қалмас үшін олар қайтадан жауып отырған. Осының салдарынан тауарлардың ұрланған-ұрланбағанын анықтау қиынға соқты, – деп хабарлады ҰҚК қызметкерлері.

Ұйымдасқан қылмыстық топ заңсыз әрекеттерін бірнеше жыл бойы жалғастырып келген. Кәсіпкерлер тауарларының жетіспейтіндігін айтып Қытайдағы компанияларға талай рет хабарласыпты. Алайда олар жүктердің толық көлемде жіберілгендігін растайтын бейнежазбалар мен құжаттарды ұсынған. Тіпті халықаралық деңгейдегі ұрлық Қазақстан мен Қытай Президенттерінің бақылауында болды. Осы орайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы операцияның жоспарын құрған.

– Ақтоғай станциясындағы теміржолшылар бір-бірін жақсы танитындықтан бөтен адамды көрсе байқап қоятын еді. Бұл операция қараша-желтоқсан айларына жоспарланған, сондықтан ауа-райының қолайсыздығы бірқатар қиындық тудырды. Қызметкерлер бірнеше топқа бөлініп, вагондарды арнайы бейнекамералармен жабдықтадық, – делінген мәліметте.

Нәтижесінде ұрылар қолға түсті. Қылмыстық топ мүшелерінің үйін тінту кезінде қолды болған заттар табылды. Тергеу барысында анықталғандай, олар тұрмыстық техниканы Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында сатумен айналысқан. Бүгінде 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Асқар ТҰМАРБЕК