2019 жылы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан шығысқазақстандық оқушылар бірінші рет тегін тігілген мектеп киімімен білім ордасының табалдырығын аттайды. Жалпы облыс бойынша 33583 балаға 17 тауарөндірушімен келісімшарт жасалған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өскемен, Риддер қалалары, Шемонаиха және Үржар аудандарындағы көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға Залина Батылгазинаның жетекшілігімен«Isnar» ЖШС мектеп формасын дайындаған.
- Біз 2015 жылдан бері нарық алаңындамыз. Сондықтан балаларға қандай сапа қажет, қандай үлгі ұнайды барлығын білеміз - дейді Залина Эклсовна. - Яғни, біз ата-аналардың да, балалардың да пікірлерін ескереміз.
Залина Батылгазина
Жеке кәсіпкердің сөзінше, барлық мектептердің формалары ерекшеліктерді ескере отыра дайындалып, сертификатталған. Шетелдік өндірушілерден еш кем түспейтін киімдер республиканың барлық аймағына тасымалдануы көзделуде.
28 тамыздағы жағдай бойынша оқушылардың 80%-дан астамы «Isnar» ЖШС міндеттемелері бойынша мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Ата-аналар мен балалардан жасалған киімдердің сапасына шағымдар түскен жоқ.
- Бүгінде кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында шетелдік өндірушілердің мектеп формасының артықшылықтары туралы айтылып жатыр. Алайда біз халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға арналған мектеп формасын тігу үшін бюджет қаражатынан қаржы бөле тұра, басқа елдің экономикасын қолдап, дәл сондай өнімді сатып алу дұрыс емес деп санаймыз. Бұл біздің бюджетіміздің қаражаты, салығы сондықтан отандық өндірушілерді қолдауға арналуы тиіс, – дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының жобаларды қолдау бөлімінің басшысы Іңкәр Аманбаева.
Іңкәр Аманбаева