ШҚО палуандары Азия чемпионатында екі алтын медаль иеленді

613
көрілім

Палуандарымыз қытайлық Тайпейде өткен күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында осындай жетістікке жетті. Грек-рим күресінен болашағынан мол үміт күттіретін жерлестеріміз құрлықтық додада үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен жеңіл салмақтан бастайық. Бозкілемге 48 келі салмақта семейлік Оңдасын Хамитов беттеді. Бір айта кетерлігі, Оңдасын осының алдында қарашаның 8-10 аралығында Ресейдің Новосибирск қаласында өткен ауқымды турнирде қарсылас шақ келтірмеген еді. Бапкерлер сенімін ақтап, бұл жолы да жеңісті жолын сәтті жалғастырды. Алғашқы айналымда Сауд Арабиясының сенімін арқалаған Аигхамди Абдулазизді 9:0 есебімен, артынша Үндістанның үкілеген үміті Харикеш Харикештен 13:5 есебімен басым түсті. Ал үшінші белдесуінде бозкілем қожайыны Чу Тинг Вейді 8:0 есебімен тас-талқан етіп, алтын медальді мойынға тақты. Тағы бір алтынды 85 келі салмақта өз мүмкіндігін байқаған Есім Тұрысбек иеленіп, ел құрамасының жалпыкомандалық есепте көш басына шығуына сүбелі үлес қосты. Айта кетейік, палуандардың Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетуіне Елдос Жұманов, Медеу Жексенбаев, Саят Қанапиянов, Мәди Жарболов және Мереке Еркешұлы сынды бапкерлер еңбегін айта кеткен абзал.

Әділхан ЕСІМХАНОВ