ШҚО палуандары Болгариядағы турнирде жүлдегер атанды

445
көрілім

Болгарияның Пловдив қаласында өткен «Дан Колов-Никола Петров» халықаралық турнирде шығысқазақстандық палуандар айтарлықтай сәтті белдесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Семейлік Самат Қалтаев бұл жолы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алғашқы айналымдарды ойдағыдай өткізген жерлесіміз тек жартылай финалда, кейін аталған турнирде топ жарған грузиялық Георги Елбакидзеге жол берді.

Дегенмен қола медаль үшін болған белдесуде өз мүмкіндігін жібермей, тағы бір жерлесіміз, катонқарағайлық Досжан Әсетовтің осал тұсын тапты.

Бұдан бөлек, зайсандық Мұхамед Балғабай да 57 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды. Мұхамед кіші финалда венесуэлалық Педро Мейджастан басым түсті. Аталған сайыста жерлесіміз, Халықаралық дәрежедегі төреші Нұрболат Мағзұмовтың бозкілемде төрелік еткендігін айта кетейік.