ШҚО палуандары ел чемпионатында бес медаль иеленді

311
көрілім
Шартты фотосурет

Шығысқазақстандық спортшылар Шымкент қаласында кіші жасөспірімдер арасында өткен еркін күрестен ел чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыстағы күрес жанашырларының бірі Жандос Сайханов бастап барған палуандарымыз өңір көлемінде еркін күрес деңгейінің өрлеп тұрғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бозкілемге 15 жасқа дейінгі спортшылар беттеді. Қапсыра ұстап асыра лақтыру, бірінен соң бірі орындалған жамбас әдістері сынды тәсілдер жарыс көркін одан әрі қыздыра түсті. Бұл ретте Жанболат Мағзұмов шәкірттері облыс қоржынына түрлі медальдар жиынтығын салды. Бір айта кетерлігі, шешуші сынға шыққан жерлестеріміз алтын медальді уыстан шығармады. Айталық, 52 және 62 келіге дейінгі салмақтардағы Ералы Жеңісов пен Алмас Сабыр түркістандық Мұхаммеджан Орынбасар мен Сұңқар Сейдахметтің осал тұсын тапты. Бұдан бөлек, 41 келіге дейінгі дәрежеде Ералы Әскербек, 48 келіге дейінгі салмақтағы Алан Оралбек және Бексұлтан Болатов (75 келі салмаққа дейін) жүлдегерлер үштігін түйіндеді. Мұндай көрсеткіштен соң шығысқазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте үшінші орынға жайғасты.