ШҚО палуандары Әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады

2318
көрілім

Ослодағы еркін бәрекесі небір сенсацияға толы болып жатқанымен қазақстандық палуандар әзірге жүлдеге іліге алмауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кеше 65 келіге дейінгі салмақта қарағандылық Әділ Оспанов алғашқы айналымда қарсыласына жол берді. 57 келіге дейінгі дәрежеде Мейрамбек Қартбай да бірінші белдесуінде есе жіберді. Дегенмен палуандарымызда жүлде алу мүмкіндігі де жоқ емес болатын. Айталық, 86 келіге дейінгі салмақта Семейлік Азамат Дәулетбеков жұбаныш белдесуін сәтті өткізгенімен, қола медальға қол жеткізе алмады. Ресейлік Артур Найфонов бірінші кезеңде аса ширақ қимылдаса да белдесудің екінші бөлігінде біршама шаршады. Дәулетбеков қорғанысын бұзуға барынша тырысты. Десе де ұпай алудың сәті түспеді. Атойлап алға ұмтылды, алайда есеп сол 3:0 болып қала берді. Амал нешік, жерлесіміз әлі де болса әлемдік доданың медалін мойынға таға алмай келеді.

Бұдан соң риддерлік Олег Болтин бозкілемге беттеді. Кіші финалда моңғол спортшысы Лхвагерей Мунхтурмен шеберлік байқасты. Жартылай финалда грузиялық Гено Петриашвилиден айласын асыра алмаған Болтин бар күшін осы Мунхтурмен белдесуге жұмсауға бекінген-тін. Себебі моңғол палуаны шеберлік, жылдамдық тұрғысынан да жерлесімізден еш айрықшаланып тұрмаған еді. Дегенмен 3:5 есебі таблода белдесу біткенше өзгермей, медальдің ауылы алыстап кетті. Соңғы бір шабуылды ұйымдастыру көкейде жүргенімен уақыт та зымырап өте шықты.

Сонымен алғашқы жарыс күнінің оң нәтижелері шығысқазақстандық палуандардың пайдасына шешілмеді.

Дегенмен еркін күрес бәсекесі әлі жалғасуда.