ШҚО палуандары Конфедерация кубогінде қола жүлде еншіледі

541
көрілім

Өңіріміздің еркін күрес шеберлері биыл Конфедерация кубогінде үздік үштікті қорытындылады. Ақтық сын жолдамасын сарапқа салған кездесуде палуандарымыздың жолын Алматы облысының спортшылары бөгеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бас бапкер Асқар Мұқашев жаттықтыратын еркін күрес шеберлері осыған дейін қазан айының соңында Қостанайда өткен іріктеу белдесулерінде сәтті өнер көрсеткен болатын. Алдымен жамбылдық спортшыларды 4:2 есебімен, сосын қостанайлықтардан айласын асырды. Үшінші белдесулерінде солтүстікқазақстандық спортшылармен шеберлік байқасып, 6:0 есебімен еш мүмкіндік қалдырмады. Сөйтіп жерлестеріміз Алматыда өтетін жартылай финал мен ақтық сынға жолдама иеленді. Алайда мұнда өзге үш команда сапындағы палуандар сайдың тасындай іріктелген тәжірибе палуандар еді. Шығыс өңірінің еркін күрес шеберлері жартылай финалда Алматы облысының спортшыларымен жолықты. Облыс атынан 57 келіде Мұхаммед Балғабай, 61 келіде Самат Қалтаев, 74 келіде Айбар Жылқайдаров сынды жас палуандардың өнер көрсеткендігін айта кетейік. Алайда аталған спортшыларға сәтті белдесіп, командаға ұпай әперудің сәті түспеді. Айталық, Мұхаммед 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Адлан Асқаровтан айқын ұтылды. Самат Қалтаев Ілияс Жұмайға, Айбар Жылқайдаров Азат Сақаевқа 0:2 есебімен есе жіберді. Ұландық Алмас Жүніс (97 келі) Омар Жұмашқа 1:4 есебімен жол берсе, команданың белді мүшесі Азамат Дәулетбеков жарақатына байланысты белдесуді жанкүйер күткендей жалғастыра алмады. Жалғыз жеңісті риддерлік Олег Болтин (125 келі) әперді. Алматы облысының спортшылары жерлестеріміздің жолын жапса, алтын медальді сарапқа салған кездесуде олардың алдын елордалық палуандар орап кетті. Нәтижесінде 2019 жылғы Конфедерация кубогінде Нұр-Сұлтан қаласы бірінші, Алматы облысы екінші, сондай-ақ ШҚО және Алматы қаласының командалары жүлделі үштікті қорытындылады.

Бұл жерде топ жарған команда – 12 млн, екінші орын иеленген спортшылар – 7 млн, сонымен қатар қос үшінші орын иеленген командалар 3 млн теңгенің сертификатына ие болды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ