ШҚО палуаны Дағыстандағы додада дес бермеді

164
көрілім

Жерлесіміз Азамат Дәулетбеков Ресейдің Дағыстан Республикасында өтіп жатқан еркін күрестен «Құрлықаралық турнир –  2019» ауқымды сайысында топ жарып, ел қоржынына алтын медаль салды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Хасавюрт қаласында жылдағы дәстүрге айналған жарысқа бірқатар Олимпиада, Әлем чемпионаттарының жүлдегерлері, өз елінің бірінші нөмірлі палуандары келіп қатысуда. Ел құрамасы сапында семейлік Азамат Дәулетбеков 86 келі салмақта боз кілемге беттеді. Бір айта кетерлігі, семейлік спортшы бұл жолы ерекше бабында еді. Мәселен ақтық сынға дейін өткізген үш белдесуінде қарсыластарын бет қаратпай ұтып, айқын басымдық көрсетті. Есепке мән берсек, 27:1, Дәулетбеков белдесу барысында тек бір ұпай беріп, жолындағысын сенімді ұта білді.

Десе де, кейбір мамандар ақтық сында жергілікті Арсенали Мусалалиевті фаворит деп біліп, басымдықты соған берген-ді. Алайда осыған дейін талай додада күміс медаль иеленіп жүрген Азаматтың жеңіске деген жігері айрықша еді. Тартысқа толы кездесуде есеп 8:5 болып, белдесу тағдыры жерлесіміздің пайдасына шешілді. Осылайша әр жарыста ақтық сынға шығып, алтын жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп жүрген жерлесіміз бұл жолы тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Ал жүлдегерлер үштігін өзбекстандық Жабраил Шапиев пен дағыстандық Хабиб Гаджиев түйіндеді.
Мұндай жарқын жеңістің артында бапкерлік құрамның да жүйелі жұмыстар жүргізгенін айта кеткен абзал.

Әділхан ЕСІМХАНОВ