ШҚО палуаны құрлықтық чемпионатқа жолдама алды

486
көрілім

Еркін күрестен Тараз қаласында өткен 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқан Нәдірбековты еске алуға арналған республикалық турнирде жерлестеріміз жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аталмыш додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 18 команда сапындағы спортшылар жүлде үшін өзара кім мықтыны анықтады. Мұнда қатысушылар жүлдегер атану үшін ғана емес, алдағы қараша айында Қытайлық Тайпейде өтетін Азия чемпионатына жолдама иелену үшін де шеберлік байқасты. Білікті жаттықтырушы Мейірбек Байжанов баптап апарған сайыста жерлестеріміз төрт салмақ дәрежесінде тұғыр сатысынан көрінді. Жеңіл салмақтан бастасақ, қола жүлде 38 келі салмақтағы бесқарағайлық Ералы Жеңісовке бұйырды. Алғашқы белдесуін ойдағыдай бастағанымен ширек финалда Алматы облысының өкілі Уәлихан Көбегенге есе жіберді. Десе де кіші финалда жамбылдық Біржан Аманханнан айласын асырып, үшінші орынға ие болды. Бұған дейін бірнеше мәрте Азия чемпионаттарында жүлде алып жүрген Дарын Әскербек те 48 келіде жүлдегерлер үштігін қорытындылады.

Бұл салмақтағы спортшылар саны да біршама көп еді. Бас-аяғы 42. Тарбағатай ауданының тумасы жартылай финалға ешбір қарсыласына мүмкіндік бермеді. Тек ақтық сынға жолдама беретін кездесуде Алматы облысының өкілі Нұржан Сағымханға жол беріп, алтын медаль иеленуге деген мүмкіндігін уыстан шығарып алды. Үшінші орын үшін болған белдесуде алматылық Кирилл Ардалионовты 4:3 есебімен сан соқтырып кетті. Дәл осы нәтижені 85 келі салмақтағы семейлік Темірлан Дәкеев қайталады. Темірлан жартылай финалда қарағандылық Әділхан Құсайыновқа 10:3 есебімен жол берді. Дегенмен бастапқы қарқынын жоғалтпаған палуан кіші финалда Жамбыл облысының өкілі Анзор Гафуровқа мүмкіндік қалдырмай, қола медальға қол жеткізді. Ал 62 келіде өз мүмкіндігін байқаған жармалық Бекзат Сыбанбай ақтық сынға дейін төрт кездесу өткізіп, барлығында дерлік айқын жеңіске жетті. Алтын медаль үшін белдесуде Алматы облысының намысын қорғаған Әрсен Үрімжанмен біршама тартысты текетірес көрсетті. Белдесу ырғағы бір сәтке де баяуламады. Дегенмен қарсылас қателігін ұтымды пайдаланған Бекзат уақыт тәмәмдалғанша басымдықты сақтап, 8:4 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, бұл нәтижеден соң Бекзат Сыбанбай қараша айында Қытайлық Тайпейдің Тайчунк қаласында өтетін құрлықтық чемпионатқа жолдама алды.


Әділхан ЕСІМХАНОВ