ШҚО палуанына қарсылас көбейіп келеді

988
көрілім

Көкпектілік Данияр Қайсанов әлемдік рейтингіде азуы алты қарыс палуандармен бір сатыда тұрмаса да, күн санап бабына еніп, қарқынын үдетіп келеді. Қыркүйек айында елордада өткен күрес түрлерінен әлемдік аламанда бесінші орынға табан тіреуі соның дәлелі, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі.

Айтпағымыз, Данияр Қайсановтың ендігі аяқ алысы. Әр спортшының салмағы уақыт өткен сайын өзгеріп, бірі – жеңіл салмақ дәрежесіне түссе, бірі – жоғары көтеріледі. Алдымен отандастарымыздан бастасақ. Сол әлемдік додада солтүстікқазақстандық Нұрғожа Қайпанов 70 келі салмақта атой салып, ақтық сынға дейін бірақ шықты. Алтын ала ма деп үміттенгені рас еді жанкүйердің, амал нешік, ресейлік Давид Баевқа қарсы еш айла қолдана алмай, күміске қол созды. Десе де оның алдында Азия чемпионатындағы алтын медаль, Әлем чемпионатындағы күміс жүлде оның тап қазір бабында екендігін аңғартса керек. Ал әлемдік дода мәресіне жеткен соң өзінің берген сұхбатында алдағы уақытта 74 келі салмаққа ауысатынын жеткізген-ді. Ол ол ма, бұдан кейін реті келсе Токиода өтетін төртжылдықтың басты бәсекесіне жолдама ұту.

Кайл Дэйк       Джордан Барроуз

Қайсановтың алдағы қарсыласы атанып жатса біршама қызық белдесудің болары сөзсіз. Мына жаңалыққа да мән берген жөн. Қазір осы салмақтың көшін бастап тұрған АҚШ елінің үздігі Джордан Барроуз. Осы жолы Нұр-Сұлтандағы аламанда жартылай финалда ресейлік Заурбек Сидаковтан жеңілген-ді. Іле кіші финалда қарсыласынан басым түсіп, үздік үштіктен көрінді. Өз кезегінде Барроузға да жаңа қарсылас шығатыны белгілі болды. Өзінің жерлесі – Кайл Дэйк. Елімізде өткен бәсекеде Дэйк 79 келіде қарсылас шақ келтірмей, топ жарды. Енді Дэйк те Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін дегеніне жетпей қоймайтынын жеткізген болатын бір сұхбатында. Демек, мұхиттың ар жағындағы алпауыт мемлекетте 74 келідегі айқас Барроуз-Дэйк арасында өрбісе, елімізде Қайсанов-Қайпанов текетіресіне ұласады деуге әбден болады. Егер мана айтылған Дэйк жерлесі Барроуздан айласын асырса, алдағы уақытта жерлесімізбен шеберлік байқасып қалуы бек мүмкін. Анығы сол, егер Нұғожа Қайпанов 74 келіге түпкілікті ауысса, онда бұл салмақта нағыз бәсекелестік орын алмақ. Сайып келгенде Чамизо-Барроуз-Сидаков үштігінің ізін ала, осы қос палуанның бірі әлемдегі элиталы спортшылар қатарынан көрініп, Олимпиада ойындарының медалін әперері сөзсіз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ