ШҚО палуанына кімдер қарсылас атанбақ?

60
көрілім

Төрт күннен кейін елордада күрес түрлерінен Әлем чемпионаты жалауын көтереді. Осы ретте жерлесіміз Расул Қалиев белдесетін 61 келі салмаққа көз жүгіртуді жөн көрдік, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Елімізге ат басын бұратын палуандардың біршамасы көпшілікке таныс. Жармалық спортшының түрлі халықаралық додаларда жүлде алғаны рас. Оның ішінде 2014 жылы елордада өткен құрлықтық чемпионатта топ жарғанын тілге тиек етсек болады. Дегенмен оның жолына кесе көлденең тұратындар жетерлік.

Алдымен ресейлік Магомедрасул Идрисовке тоқталып өтейік. 23 жастағы Хасавюрт қаласы тумасының бағындырған белестері жетерлік. Алты жылдың ішінде 23 жасқа дейінгі Еуропа және Ресей чемпионаттарында топ жарған. Одан бөлек, осының алдында өткен Ресей біріншілігінде тәжірибелі Гаджимурад Рашидовтың жолын кесіп Әлем чемпионатына жолдама алды.

Әзірбайжандық Ахмеднаби Гварзатилов та оңай шағылар жаңғақ емес. 2016 жылы Румынияда өткен әлемдік аламанда қола, ал өткен жылы АҚШ-та өткен Әлем кубогінде күміс жүлдеге ие болған спортшы. Грузиядан тас-түйін әзірлікпен келетін Бека Ломтадзе да тек жүлде үшін келері сөзсіз. Жиырманың жетеуіндегі тәжірибелі спортшы екі рет Еуропа чемпионатында күміс медаль еншілеген. Одан бөлек, 2016 жылы Будапештте өткен Әлем чемпионатында да екінші орын иеленген-ді. Сондай-ақ жапонның жас өкілі Каики Ямагучи, үндістандық Рахул Аваре сынды палуандар тұғырдан орын алу үшін келетіндері хақ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ