ШҚО полицейлері заңсыз сақталған қаруды тәркіледі

17500
көрілім

«Учаске» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында қыркүйек айының 16-сы күні Зайсан ауданының жедел уәкілдеріне тұрғындардың бірінен тіркелмеген қаруды үйінде заңсыз сақтағаны туралы ақпарат түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Берілген мәліметке сүйенсек, полиция қызметкерлері келіп түскен ақпаратты дереу тексеруге кірісті. Жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізу нәтижесінде тәртіп сақшылары ауданның 30 жастағы тұрғынын анықтап, гаражындағы жасырын сөреден 2 қару тапты. Сараптамаға сәйкес олар «ТОЗ-8м» моделінің бір рет оқталатын 5,6 мм калибрлі мылтығы, ал екіншісі - 16 калибрлі «ТОЗ-63» моделінің тегіс ұңғылы аңшылық мылтығы болып шықты. Қос мылтық та атуға жарамды.

- Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қаруды сатып алудың мән-жайы анықталуда, тергеу нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады, - деді ПД бастығы Сағат Мадиев.

Сонымен қатар Полиция департаменті полицияға тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын ескертеді.