ШҚО Полиция қызметкерлері жолда қалған шетел азаматтарына көмектесті

357
көрілім

ШҚО Полиция қызметкерлері жол бойында сынып қалған, ішінде Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары бар автобусқа көмек көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Тәртіп сақшылары «Алматы-Өскемен» тасжолының бойынан апаттық дабылы қосылып тұрған «Setra» автобусын байқайды.

ШҚО Жол-патрульдік полиция инспекциясының инспекторлары аға лейтенант Айдын Жұмақанов пен полиция лейтенанты Саяхат Еншібаев автобустың «Красноярск-Сарыағаш» бағытындағы рейс екенін, дегенмен қоғамдық көлік жол бойында ақауға ұшырағанын анықтайды. Автобус ішінде 20-дан астам шетелдік жолаушы мен кішкентай сәби болған.

Тәртіп сақшылары жолаушылардың барлығын жақын маңдағы жол базаларының біріне орналастырып, оларды шаймен, ыстық тамақпен қамтамасыз етуге көмектесіп, көлікті техникалық қызмет көрсету станциясына жеткізеді.

Келесі күні жолаушылар діттеген жерлеріне жетіп, дер кезінде көмекке келген тәртіп сақшыларына алғыстарын білдірді.