ШҚО спортшылары Азия ойындарында ұлттық құрама қоржынына 11 медаль түсірген

467
көрілім

Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия ойындары өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада ел намысын қорғаған спортшыларымыз жалпы саны 76 медаль еншілеп6 тарихта тұңғыш рет үздік бестікке енбей қалды. Азиада аламанында бақ сынасқан спортшылардың ішінде шығысқазақстандық жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль иеленген. Үш қарғып секіруден қарсыластарын шаң қаптырған Ольга Рыпакова осымен төртінші рет Азия ойындарында үздік атанып отыр.

Индонезияға аттанған спортшыларымыздың барлығы дерлік қызу дайындықтан өткен. Жанкүйерлердің үкілеген үмітін ақтау үшін олар аянбай тартысқа түсті. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен шығысқазақстандықтардың ішінде алғашқы медальді Данияр Қайсанов иеленді. Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақта белдескен Көкпекті ауданының тумасы күміс медальді қанжығасына байлады.

Алтын алған жерлесіміз – Ольга Рыпакова. Құрлықтың кіл мықтылары бас қосқан байрақты бәсекеде мақтанышымыз алдына жан салмады. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы бұл жолы үш қарғып секіруде өзін теңдессіз екенін дәлелдеді. Естеріңізге сала кетейік, Ольга Рыпакова осымен төртінші рет Азия ойындарында үздік атанып отыр. Сайыс барысында жерлесіміз екінші мәрте секіргенінде-ақ 14 метр межеге жеткен болатын. Өзге спортшылар болса бұл нәтижеден тым алыста қалды. Ал өзінің бесінші мүмкіндігінде ол 14,26 метр нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан айтарлықтай қара үзіп кетті. Екінші орын тайландық Париньей Чумаймароенгке – (13,93 метр) бұйырса, дәл сондай нәтижемен тағы бір күміс жүлде вьетнамдық атлетке тиесілі болды.

– Барлығы сәтті аяқталғаны үшін қуаныштымын. Бұл медалім саған арналады, Қазақстан! Қолдау көрсеткен баршаңызға алғысым шексіз. Атлеттер үшін әрқашан демеу керек. Біз оны қайда жүрсек те сезінеміз, – дейді Ольга Рыпакова.

Азия ойындарында Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Ұлттық құрама қоржынына 3 күміс салды. Келесі күмісті грек-римнен Алмат Кебісбаев мойнына тақты. Үржарлық палуан осыған дейін үш дүркін Әлем чемпионатының жүлдегері атанған болатын. Дзюдодан аралас командалық жарыста Гүлжан Исанова мен Ерасыл Қажыбаев еліміздің екінші орынға орнығуына елеулі үлес қосып, үшінші күмісті иеленді.

Қола медальді еншілеген спортшылар жайлы айтар болсақ, Элена Михина жалғыз өзі 3 мәрте жүлдегер атанды. Жерлесіміз 400 метрге жүгіруден, аралас эстафета мен 4Х100 эстафета бойынша үздік үштіктер қатарына енген. Сонымен қатар семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы сапында бақ сынасқан Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов та қоланы қанағат тұтты. Зайсандық Гүлжан Исанова 78 келіден жоғары салмақта моңғолиялық қарсыласын тізе бүктіріп, 3-ші орынға жайғасты. Ал 6-шы қоланы биіктікке секіруден Надежда Дубовицкая алып келді. Осымен шығысқазақстандық спортышыларда жиынтығы – 10 медаль.

***

Азиаданың жалпы медальдар саны бойынша Қазақстан 9-шы орынға орналасты (толығарақ кестеде). Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда өткен Азия ойындарының бәрінде Қазақстан үздік бестіктің қатарына ілігіп келген еді. Биылғы көрсеткіш бұрынғы жетістіктердің ішіндегі ең төмен нәтиже ретінде тіркелді. Тек қола медаль саны бойынша (44) ғана өз рекордымыз жаңартылды.

Мемлекет атауы Алтын Күміс Қола Жалпы саны
1) Қытай 132 92 65 289
2) Жапония 74 56 74 204
3) Корея Республикасы 49 57 70 176
4) Индонезия 31 24 43 98
5) Өзбекстан 21 24 25 70
6) Иран 20 20 22 62
7) Қытайлық Тайпей 17 19 31 67
8) Индия 15 24 30 69
9) Қазақстан 15 17 44 76
10) КХДР 12 12 13 37