ШҚО спортшысы әлемдік аламанға жолдама алды

514
көрілім

Шығысқазақстандық бойжеткен Ирина Казюлина елордада өтетін күрес түрлерінен Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Семейлік палуанның ірі додаларда алған жүлделері жетерлік. Мәселен, 2013 жылы жасөспірімдер арасында құрлық чемпионатының алтынын, 2018 жылы Бішкекте өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатының қоласын иеленді. Одан бөлек, түрлі халықаралық турнирлерде топ жарған. Нұр-Сұлтан қаласында өтетін байрақты бәсекеде 68 келі салмақта бозкілемге беттейді. Әйелдер арасында Ұлттық құрама сапынан орын алған жалғыз жерлесіміз. Жалпы, Иринаға құрлық көлемінде қырғыз, үндіс елдерінің өкілдері едәуір ыңғайсыз қарсылас. Айталық, биыл Қытайдың Сиань қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлде үшін болған белдесуді қырызстандық Мээрим Жуманазарова жерлесімізді 10:0 есебімен ұтып, жүлдесіз қалдырған болатын. Сол сияқты Үндістан елінің үздігі Дивия Какран, одан бөлек, Еуропа елдерінің қаншама мықтылары бар.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан шаһарында өтетін дүбірлі дода қыркүйектің 14-22 аралығында өтпек.

Әділхан ЕСІМХАНОВ