ШҚО тәртіп сақшылары жоғалған 19 бас жылқыны иесіне қайтарды

514
көрілім

Облыс аумағында үш күн бойын өткізілген «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталып, полицейлер қараусыз жүрген малды және өз малына немқұрайлы қарайтын мал иелерін анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шығысқазақстандық полицейлер қараусыз жайылып жүрген 750-ден астам малды «айыппұл тұрағына» қамады.

Осылайша, «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш күнінде 8 мал ұрлығы тіркеліп, олардың барлығы ашылды. Сонымен қатар, өткен жылдары орын алған 21 мал ұрлығы ашылды. Ұрлық жасағаны үшін 19 адам және 2 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталып, әшкереленді. 179 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды.

- Ақпан айының 18-і күні түскі уақытта Ұлан аудандық полиция бөлімінің кезекшілік бөліміне 69 жастағы облыс орталығының тұрғыны хабарласып, ақпан айының 8-нен қазіргі уақытқа дейін Алғабас ауылынан 10 шақырым жердегі Бозанбай ауылдық округіне қарасты «Байша» учаскесінің еркін жайылымнан түсі мен жасы әртүрлі 19 бас жылқының жоғалғаны туралы хабарлаған. Келтірілген шығын көлемі 3 млн теңгені құрады, - делінген мәліметте.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу қозғалды.

Ұлан ауданы ПБ қызметкерлері жедел тергеу тобын құрып, іздеуге тікұшақ, еріктілер мен қорықшылар жұмылдырылды.

Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тікұшақтың көмегімен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды, оның нәтижесінде жоғалған жылқылар «Қызыл қайың» учаскесінен табылып, иесіне қайтарылды.

– Сондай-ақ осы жылы ақпан айының 19-ы күні кешкі уақытта Зайсан аудандық полиция бөліміне аталған ауданның 40 жастағы тұрғыны белгісіз жағдайда еркін жайылымнан 103 бас қойдың жоғалғанын хабарлаған. Шығын көлемі 3.5 млн. теңгені құрады, – делінген ШҚО Полиция департаменті таратқан мәліметте.

Жедел-профилактикалық шара жүргізу барысында жоғалған 53 бас мал көрші ауылдың маңынан табылып, иесіне қайтарылды. Ер адам өзіне тиесілі малды ұзақ уақыт қараусыз қалдырғанын мойындады.

Қазіргі уақытта Зайсан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әлі табылмаған малды іздеуді жалғастыруда.

ШҚО Полиция департаменті ауыл тұрғындарын үй жануарларын қараусыз қалдырмауға, шопандардың еңбегін төлемеу арқылы үнемдемеуге шақырады. Сондай-ақ малдарды таңбалауға және бирка тағуға, мал ұрлығы орын алған жағдайда, ұрыларды «ізін суытпай» ұстау үшін дереу полицияға хабарлауға кеңес береді.