ШҚО травматолог-хирургтері тізе буыны жарақатын тілусіз емдейді

797
көрілім

Жергілікті хирургтар мен травматологтар  тізе буыны жарақаттарын алған жастардың  буынына алдыңғы крест тәрізді сіңір байламының артроскопиялық пластикасын қою арқылы жастарды қалыпты өмірге қайта оралтады. Бұндай ота жасау біздің өңірде әзірге сирек  кездесетін жағдай.  

Өткен жылдың соңында облыстық аурухананың хирургтарына  тізе буынына шағымданған екі жігіт пен бір қыз бірінен соң бірі келеді.  Жігіттер футбол ойнаған кезде  жарақаттанса, ал қыз аяғын қайырып алған. МРТ жасағаннан кейін үшеуіне де тізе буынындағы сіңірлердің байламдары үзілгені анықталған. Осылайша зақымдалған сіңір байламдары ешқашан өздігінен қайта бітіп кетпейді. Егер операция уақытында жасалмаса, гонартроз дамуы мүмкін, яғни буын мен буынның айналасындағы тіндердің бұзылуы ықтимал.

Қабыну ошағы жойылып, ісігі басылғаннан кейін пациенттерге минималды инвазивті артроскопия әдісімен алдыңғы крест тәрізді сіңір байламының пластикасы жасалды.
Осы құралдардың көмегімен, басқа тілік жасамай-ақ зақымдалған сіңір байламы алынып тасталды, ал оның орнына жаңа байлам – сол адамның басқа сіңірлерінен жасалған  фрагмент бекітілді.
Бұл өте күрделі ота және хирургтың арнайы білімі мен дағдыларын, арнайы жабдықтар мен құралдардың болуын талап етеді.

Операциядан кейін бір ай бойы жігіттер ортопедиялық режимді қатаң сақтады – аяққа  салмақ түсірмеді, содан кейін оңалту орталығында оңалтудан өтті. Жігіттерді қараған маман олардың жағдайлары жақсы екенін, аяқтары ақсамайтынын және ауырмайтынын, біртіндеп қалыпты  өмірге оралып келе жатқанын айтты. Ал қыз әлі де оңалтудан өтіп жүр.

Құны шамамен 800 мың теңге болатын жоғары технологиялы ота емделушілерге МӘМС есебінен тегін жасалғанын айта кеткен жөн.

- Облыстық ауруханада  бұл операциялар 2015 жылдан бері жасалынып келеді, жыл сайын 30 науқасқа дейін ота жасалады. Бұл негізінен - жас белсенді адамдар, көбінесе спортшылар. Қазіргі уақытта оларға әдеттегі өмірге, спорттық мансапқа толықтай оралуға тек осы операция  көмектеседі,-  деді  облыстық аурухананың травматолог дәрігері Айдос Құнияров.