«Еңбек» бағдарламасы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын жан-жақты қолдау жөніндегі барлық шараларға 8,7 млрд. теңге бөлген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Биыл облыста 1166 адам жеңілдікті микронесие алса, оның көп бөлігі ауыл тұрғындарына беріледі. Микронесие қалалар мен моноқалаларда 210 адамға, ауылдық жерлерде және шағын қалаларда 4,5 млрд.теңге бөлініп 956 адамға ұсынылмақ. Шағын несиелеуге 4,2 млрд. теңге бағытталды. Оның ішінде 3,2 млрд. теңге сомасына 956 несие, қалаларда және моноқалаларда 0,93 млрд.теңге сомасында 210 несие беріледі, қалғаны жобаларды кепілдендіруге жұмсалмақ, – деп хабарлады Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының баспасөз қызметі.
Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға және мүгедектерге жеке кәсібін ашу үшін барлығы 1545 грант беріледі. Оның ішінде 268 адам жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін 100 АЕК-тен мемлекеттен өтеусіз қаражат алады, ал 1277 адамға 200 АЕК-ке дейін беріледі.
Сонымен қатар ТжКБ жүйесінде 2507 студент тегін кәсіптік білім алып, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тағы 1730 жас қамтылады деп жоспарлануда.
«Бастау-Бизнес» арнайы жобасымен биыл 1400 студент оқып, оның ішінде 1204 адам бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, 261 жоба қаржыландырылды. Қосымша тағы 1050 адамды оқыту жоспарланған. Бұған қоса ағымдағы жылдың 22 шілдесінен бастап жаңа «Жас кәсіпкер» жобасы аясында жастар арасында 1300 адамды оқыту жоспарда тұр.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ