ШҚО тұрғынынан құны 2 млн теңгеге жуық заңсыз ауланған балық тәркіленді

14634
көрілім
Шартты фотосурет

Наурыз айының басында патрульдік полиция қызметкерлері Зайсан ауданындағы «Омбы-Майқапшағай» тасжолы бойындағы Сартерек ауылының бұрылысында көп көлемде шортан балығын тасымалдағандарды анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, Сартерек ауылының бұрылысында Өскемен қаласының 24 жастағы тұрғынының басқаруындағы «LADA» автокөлігін тоқтатып, көлікті тінту кезінде жүргізуші тиісті құжаттарсыз салмағы 350 келіге жуық шортан балығын тасымалдағаны белгілі болды.

– Ер адамның балықты Күршім ауданынан Тарбағатай ауданына тасымалдап бара жатқаны анықталды. Мемлекетке келтірілген залал 1 900 000-дан астам теңгені құрады, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі 1-тармағына (балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.