ШҚО ТЖД жүргізушісі Президенттің Алғыс хатын алды

347
көрілім

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде жүргізуші болып істейтін Виталий Кирвоносов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын алды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

 «Сіз табиғи апаттар мен төтенше жағдайларда азаматтардың өмірін құтқаруға айтарлықтай үлес қостыңыз», - делінген Президенттің қолы қойылған Алғыс хатта.

Виталий Кривоносов Төтенше жағдайлар департаментінде 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Зейнетке шыққаннан кейін де ол Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағына жұмысқа кірген.

- Виталий Владимирович кез келген көлік түрін, тізгіндей алады, - деп атап өтті баспасөз қызметі.  - Сонымен қатар өткен жылы ол шағын көлемді кемелерді басқару құқығына ие болған куәлігін алған болатын.

Аталған азамат еңбек еткен жылдары сан мәрте ақтүтек боранда жолға шығып, жолаушыларды құтқару мен эвакуациялау жұмыстарына белсене қатысты.

- 2000-2001 жылдары қалың қар жауып, біз Шемонаиха ауданының жолдарын қардан тазартумен айналыстық. Қардың қалың болғаны соншалық, біз бір айдан астам уақыт демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр болдық, - деп есіне алады Виталий Владимирович.

Виталий Кирвоносов қатысқан кезекті төтенше жағдай биылғы жылғы қаңтар айының 17-18 жұлдыздарында «Өскемен-Қалбатау» тасжолында орын алды.

- Виталий сол жолы ТРЭКОЛ көлігін тізгіндеген болатын. Қалың қар мен бұрқасын желдің салдарынан жолды көру мүмкіндігі мүлде болмады.  - дейді Төтенше жағдайлар департаментіндегілер. - Бірақ біздің құтқарушылар білікті жүргізушінің арқасында ақтүтек боранға қарамастан оқиға орнына жете алды. Құтқару операциясы 28 сағаттан астам уақытқа созылды.